Ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, табысын арттыруды көздеген мемлекеттік жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Аталған жоба ауыл халқын кәсіпке баулып, өз ісін бастауға немесе бұрыннан бар кәсібін дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланғандардың бірі – Қордай ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Әлібек Қойбағаров.
Әлібек Бектемісұлының жиһаз жасауға деген қызығушылығы бес жыл бұрын басталған. Бүгінде ол ас үй гарнитурасы, шкаф, төсек секілді корпустық жиһаз түрлерін дайындаумен айналысады. Алғашында досының шақыруымен жиһаз жасау ісіне келген ол кейіннен бұл саланы жан-жақты меңгеріп, өз ісін бастайды.
– Негізгі мамандығым – автомеханик, дәнекерлеуші. Бірақ Қордайда бұл салаға сұраныс аз болғандықтан, досымның кеңесімен жиһаз жасауға бет бұрдым. Әуелде біреудің қол астында жұмыс істедім. Көп нәрсені үйрендім. Бірінші жұмыс орным – «Байтен» ЖК-де білікті басшым үлкен қолдау көрсетті. Кейін жеке кәсіп ашуға тәуекел еттім, – дейді ол.
Биылғы жылдың қаңтар айында Әлібек «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, кәсібін жаңа деңгейге көтеруге кіріскен.
– Бағдарлама туралы танысымнан естідім. Ауылдық әкімдікке барып, кеңес алып, құжат жинауға кірістім. Ешқандай қиындық болған жоқ. Қаңтарда несиені алдым. Қаржыға аралау және жартылай форматты кесу станоктарын, басқа да қажетті құрал-саймандарды сатып алдық. Қазір жұмысымыз жүйелі жүріп жатыр. «Ауыл аманаты» жобасы кәсібімді дамыту үшін үлкен көмек болды. Мемлекет қолдауын сезіну үлкен жігер береді. Ең бастысы өзіңе сеніп, бастаудан қорықпау керек екен. Бұрын арман болып көрінген нәрселер ақырындап орындалып жатыр, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда Әлібектің цехы Қордайдағы «Болашақ» ықшам ауданында орналасқан. Ол екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Тұрдыбек» жеке кәсіпкерлігі арқылы халыққа қызмет көрсетіп, тұрғындардың тапсырысын сапалы әрі уақытылы орындауда.
– Кәсіпті бастаған кезде ең үлкен қиындық – клиент табу болды. Алғашында сенімсіздікпен қарайтындар көп еді. Қазір, Аллаға шүкір, тапсырыс тұрақты. Әлеуметтік желілер арқылы – TikTok пен Instagram платформаларында жарнама жасап, клиент жинаймыз. Жиһаздың сызбасын өзіміз өлшеп аламыз, жеткізіп, орнату жұмысын да толығымен өз мойнымызға аламыз. Аптасына 1-2 тапсырыс орындаймыз. Бұл – маусымдық жұмыс қой, әсіресе күз айларында қызу жұмыс басталады. Желтоқсанға дейін сұраныс жоғары болады, қыста сәл саябырсып қалады, – дейді ол.
Шикізатты Алматы қаласынан тасымалдайтын шебер алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Бүгінде өзі сияқты ауыл азаматтарына үлгі болып жүрген Әлібек – үйінің де берекесін келтіріп отырған көпбалалы әке. Жұбайымен төрт бала тәрбиелеп отыр.
Мемлекет ұсынған мүмкіндікті мүлт жібермей, тірлігін тіктеген осындай азаматтар ауылдың дамуына да, елдің ертеңіне де өз үлесін қосып жүргені сөзсіз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ