Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осы орайда ҰОС ардагері, ұлағатты ұстаз болған ҚАРАМОЛДАЕВ НӘЗІКЕ атамызды еске алып, мақала жазуды жөн көрдік.
Қасиетті Қордай тауының баурайында туған көріпкелдігі мен тәуіпшілдігі бар әулие бабамыз Қарамолда бабамыздың шаңырағында Назаралы (Нәзіке) атамыз дүниеге келген екен. Қарамолда бабамыздың шын есімі Құлманбет екен. Ел-жұрты бойына біткен қасиетіне қарап, биік тұлғасына қарап Қарамолда деп атап кетсе керек. Назаралы атамызды Нәзіке деп атап кеткен екен жеңгелері. 1910 жылы 15 қазанда дүниеге келген Назаралы атамыз тағдырдың сан түрлі соқпағына мойымаған. Өжеттігі мен білімге деген құштарлығы мықты еді. Абайды оқитын. Арабша сауат ашып, төте жазумен хат таныды. Адалдық пен шыншылдықты, ұқыптылық пен тиянақтылықты бойына серік еткен Назаралы атамыздың тағдыры нәубет замандарға тап келіпті. 1931-32 жылдардағы ашаршылықты, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргінді, одан қалса 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысын көзімен көруге жазыпты Алла. Ұлы Отан соғысына бір саусағын беріп, 2-топтағы мүгедек болып оралған атамыздың орден-медальдары мәңгі өшпес ерлігі іспетті.
Соғыстан кейінгі жылдары еліне келіп, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Тіл әдебиеті факультетін бітіреді. Аяулы апамыз Зәмзе Қалиқұлқызына үйленіп, отау құрады. Тәрбиелі ұл-қыздарды дүниеге әкеледі. Барлығына білім береді. Бүгіндері Нәзіке атамыз бен Зәмзе апамыздан Исахан, Рая, Жеңісхан, Орынкүл, Бақыт, Баян, Мұхтар, Роза, Мақсат атты ұл-қыздар тарап, барлығы бір-бір үй болып, шаңырақтарын шаттыққа бөлеп отыр. Балалары да өте тәрбиелі, білімді, саналы болып өсті. Ұл-қыздары еліне еңбек етіп, ата-анасының жолын қуды. Алланың қалауымен үлкен абыройға ие болып, бүгіндері зейнетке шықты. Ата жолымен ардақты ата, аяулы әже атанып, немере-шөбере сүйіп отыр.
Ауылда атамды бәрі Нәзіке ағай деп атайтын. Құжатта да солай жаздырған.
Еңбек жолын сегіз жылдық мектептерде, яғни 1938-1940 жылдар аралығындағы кезеңде Жамбыл облысы Қордай ауданының Қаракемер, Күнбатыс, Қызылсай, Сортөбе ауылдарының мектептеріне шақырылып, сол жерде директор болудан бастаған. Ұлы Отан соғысына дейін Жамбыл облысы Шу ауданының Белбасар және Үңгірлі ауылында 1934 -1938 жылдары мектеп меңгерушісі, мұғалім болып жұмыс істеген.
Шу ауданының Белбасар ауылында мектеп директоры болып қызмет атқарып, тіршілікке ерте араласып, ел қатарына қосылғанда 1937 жылдың ауыр зұлматына тап болған екен.
Өте еңбекқор еді. Ине-жіп сабақтап, жүген-ноқта жасап, шалғы шыңдап, шөп шаба беретін. Біз көргелі таяқ ұстап жүретін. Таяқпен жүрген жүрісінің өзі әдемі болатын.
Аяғы бұрында сынған шығар бәлкім, құлаған шығар деп сұрағанымда, аяғына оқ тигенін, оны ауыр операциямен алғанын айтқан болатын. Бұл зұлмат кезеңнен қалған белгі екен… «Саусағыңыз қайда кеткен? Әдемі медальдарды қайдан алдыңыз?» деп сұраймыз. Баламыз ғой.
«Белоруссия қаласының түбінде шайқастым, зеңбіректі сүйрету оңайға соқпады. Қасымдағы жауынгерлердің оққа ұшқаны көз алдымнан кетер емес. Ауыр зеңбіректі қалқан қылып жалғыз қалдым, қарасам бір саусағымнан айырылыппын. Сол маңда кетіп бара жатқан орыс жігіті жақын жердегі жараланғандарды қарайтын бекетке апарып, көмек көрсетті. Саусағым Белоруссияның түбінде, орманға жақын жерде қалды. Еее-е, бұл медальдарым Ұлы Жеңістің бір белгісі ғой!», – деп терең күрсініп, бір сипап қоятын Нәзіке атамыз.
Жастайынан тағдыр талайына тап болған ол 1941 жылы кенеттен басталған сұм соғыс тағы сынға салған екен. 1941 жылғы 26 желтоқсанда Қордай аудандық әскери комиссариатынан шақырту келіп, сол күні соғысқа аттанған. 1942 жылы Ресейдің Горький қаласында оң тізесінен ауыр жарақат алып, сол жерде госпитальда 1943 жылғы 19 маусымға дейін емделген. Ресейдің Смоленск облысында, Белый Клык ауылында аяғынан қайтадан оқ тиіп жараланған, Украина, Белоруссия майданына қатысқан. Не болса да елмен бірге көрдім деп жүргенінде, соғыстан ауыр жарақат алып, 1944 жылдың басында соғысқа жарамайтын болғандықтан, (бір саусағын оқ жұлып кеткен), елге ІІ топтағы мүгедек болып оралды.
Қаракемердегі нағашыларының үйіне барып, соғыстан соң сол жерде тұрады. 1944 жылы апамыз екеуі Қаракемерде үйленген екен. Алла берген 9 ұл-қызды тәрбиелеп, өсірген. Апам Зәмзә да ауыл-аймаққа айтулы әншілігімен, суырып салма ақындығымен танымал болған аяулы жан еді. Атамның қалтасынан партбилеттері мен мандаттары түспейтін. Партияның адамы болды. Атамның облыстан, ауданнан мерейтой сайын алып отыратын алғыс хаттары мен төсбелгілері көп еді. «Ерен еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» «Жеңіске 20, 25, 30, 40 жыл» толуына орай берілген юбилейлік төсбелгісімен, «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек Ері» төсбелгісі, «КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл» төсбелгісімен, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен және көптеген басқа марапаттарға ие болған.
Соғыстан соң Қызылсай мектебінде директор болып, сосын 1946- 1969 жылға дейінгі аралықта Алға ауылының Д.Фурманов атындағы мектебінде (бұрынғы Жаңатұрмыс ауылында) директор болды. 1947 жылы Абай атындағы мұғалімдер институтына түсіп, 1953 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. 1969 жылы зейнетке шыққан екен.
Бұл күндері Алланың арқасында сонау ғасырлар нәубетінен аман қалған Қарамолдаев Нәзіке атамыздың әулетінде 55-ке жуық немере, 45-ке жуық шөбересі өсіп келеді. Аллаға шүкір дейміз!
Ешкімнің ала жібін аттамаған, өз жанын күтіп ұстайтын, әр затына ұқыппен қарайтын, қолы қалт етсе кітап оқып, сауат ашатыны бар еді. Өзіне тән сүйкімділігі мен жарқын күлкісі, бірбеткейлігі мен әділдігі, әр затты орнына қоятын тиянақтылығы, өзін жақсы көретіні, асықпайтыны ел есінде. Өмірдің соңында артымызда істеген ісіміз, жасаған жақсылығымыз ғана қалады екен. Атамыз бен апамыздың біздер үшін сүрген өмірлерінің әр сәті естелікке айналды. 1994 жылғы 11 желтоқсанда асқар тау Нәзіке атамыз мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Тау алыстаған сайын биіктей береді екен. Адам баласы артында қалған ұрпағымен мың жасайды дейді. Апам екеуіңіздің асыл бейнелеріңізді көзкөргендер ешқашан ұмытпақ емес! Жандарыңыз Жәнатта болсын, Алла пейіштің төрінен орын бергей!
Нәзіке Қарамолдаевтың ұл-қыздары, немере, шөберелері