Ел тағдыры – дүниежүзілік тарихтағы ең даңқты әрі қиын тағдырлардың бірі. Ол көптеген қорқынышты сынақтарды бастан өткерді. Соның бірі – Ұлы Отан соғысы, қасіреттілігімен ең ірі оқиға ретінде халық жадында сақталары сөзсіз.
Майдангер Алмабек Умурзаковтың шаңырағында батыр туралы естеліктер мұқият сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Алмабек Умурзакұлы 1921 жылы 1 қаңтарда Черная-Речка ауылында (қазіргі Қарасу ауылы) дүниеге келген.
Жастайынан мақсатқа ұмтылған ол жеті жылдық мектепті бітіріп, орта білім алып, әскер қатарына аттанады. Ал алты айдан кейін соғыс бастала салысымен қарапайым, ұялшақ жігіт Қызыл Армия қатарында барлаушы болады. Майданда КСРО Коммунистік партиясы қатарына қабылданды. Қызыл Армияның қатардағы жауынгері шенімен жеке барлау ротасының құрамында арнайы дайындықтан өтті. Аға сержант шеніне дейін өсті.
Батырдың жауынгерлік жолы Қырғыз ССР Пішпек станциясынан Псков облысындағы Великие Луки қаласына резервтерді қайта орналастырудан басталды. Содан кейін олар 1-ші Украина майданы күштерін нығайтуды мақсат еткен бөлімшелер құру үшін Волгоградқа жөнелтіледі. Осы майданның құрамында А.Умурзаков өз взводымен Украинаның бүкіл аумағын, сонымен қатар бүгінгі Венгрия, Польша, Словакия аумақтарын басып өтеді. Штрба (Словакия) қаласының маңында аяғынан ауыр жарақат алған ол емделуге жіберілді. Берлиннің жаулап алынғаны және фашистік Германияның капитуляциясы туралы кейін біледі.
Алмабек өзінің бүкіл жастық шағын фашизмге қарсы күреске, өз Отанын, совет халқын озбырлық пен езгіден азат етуге арнаған соғыс қаһарманы болды. Қатардағы жауынгерден аға сержант, барлау ротасының командиріне дейінгі бүкіл соғысты басынан өткеріп, ауыр жараланып, Жеңістен кейін қара шаңыраққа оралды.
Соғыстағы ерлігі үшін жерлесіміз «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, сондай-ақ басқа да жауынгерлік наградалармен және медальдармен марапатталған.
Ол өткен соғыстың қанды эпизодтарын еске түсірмеуді жөн көріп, әскери қимылдар туралы айта бермейтін. Жотасынан жараланып, бүйіріне оқ тигенін, сіңірлері үзіліп, оң аяғының енді ешқашан бүгілмейтін мүлдем еске алмайтын.
Ол өзінің әскери даңқымен мақтанған немесе өзін мақтаған емес және әскери өміріндегі үш оқиға туралы тіл тартпаған, олар туралы ақпарат ондаған жылдардан кейін ғана анықталды.
«Осы бөлімшеде Отан соғысына қатысушы жолдас Умурзаков өзін ержүрек, батыл, қайсар барлаушы ретінде көрсете білді. Жолдас Умурзаков өзінің айлакерлігінің, алғырлығының, көрегендігінің арқасында ұрыс қимылдары кезіндегі жетекші қызметте үздік барлаушылар қатарында бола білді.
03.05.42 жыл: Гуляй-Поле өзенінің жанында жолдас Умурзаков пулеметпен атқылау нүктесін анықтап, оған граната лақтырып, экипажымен бірге көзін жойды.
28.06.42 жыл: жаудың Казинко деревнясына шабуылы кезінде жолдас Умурзаков қызыл әскер жауынгері Горинмен бірге қарсыластың қоршауында қалды, екінші жақтың жауынгерлері көп болғанына, иығы мен қолынан жарақат алғанына қарамастан жолдас Умурзаков 10 фашистің көзін жойып, жау қоршауынан шығып, аяғынан жараланған Горинді көтеріп, автоматты қоса алып шыққан», — делінген Брянск майданының М13 армиясы әскерлері қолбасшылығының 1942 жылғы 10 тамыздағы №37/Н бұйрығында.
Жеке атқыштар бригадасының А.Умурзаковты Қызыл Ту орденімен наградтау туралы 1942 жылғы 16 желтоқсандағы №01/Н бұйрығында былай жазылған: «1942 жылы желтоқсанның 11-нен 12-не қараған түні майдан шебінде барлауда жүргенде жаудың 21 адамы тобына 4 метрдей жақындап қалғанда, жалғыз өзі оларды автоматпен атып жойды. Содан кейін ол қаруластарына қолдау көрсетуге бет алып, басқаларды жоюға көмектесті және сержанттарды тұтқынға алып, әскери бөлімшеге оралды».
Соғыстан кейін туған ауылына анасы Бағланға оралған Алмабек Умурзакұлы Яғзу есімді қызға үйленіп, отбасына жан-тәнімен беріліп, туған ауылының өміріне де белсене араласады. Қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін әрқашан қастерлеп, сақтаған. Ол өмірді жақсы көрді және әр сәттен ләззат ала білетін, бар күш-жігерін де аямады, өмірдің және онда болған барлық нәрсенің қадірін білді. Умурзаковтар отбасында жеті бала дүниеге келіп, Яғзу оның өмірінде сенімді серік бола білді.
Туған ауылында жас ұрпаққа үлгі болған Алмабек аудандық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланды. Оның суреті үнемі ауылдық кеңестің құрмет тақтасында ілулі тұратын. 3-ші топтағы мүгедек болса да бір күн де бос отырмай, колхоздың, ауылдастарының игілігі үшін еңбек етіп, еңбек ардагері атанды. Колхоз төрағасы, 1-Украина майданында қаруласы болған қатардағы жауынгер Николай Тимофеевич Головинмен бірге аудандық кеңестердің мәжілістеріне, президиумдарының отырыстарына белсене қатысты.
Ол атақ қуған жоқ, тек адал өмір сүрді, қызмет етті, жұмыс істеді және балаларын өсірді. Ол әрқашан өз көзқарасын сындарлы түрде қорғай білетін, КСРО Орталық Комитеті жүргізіп жатқан саясатты жетік білетін, коммунизм өсиеттерін құрметтеп, ұстанатын. Бірақ осының бәріне қарамастан, ол лайықты және жан-жақты адам болды. Балаларын отаншылдық рухта тәрбиелеп, «Көп оқыған адам — көпті біледі» деп жиі айтып отыратын. Әрқашан балалардың жетістіктеріне қызығушылық танытатын. Болашақ адамның өзіне ғана байланысты екеніне, талпыныс сөзсіз нәтижеге әкелетініне, күш білімнен алынуы керек екеніне сенімді болды.
Көптеген наградалары болғанына әрі депутаттық мандатына қарамастан Алмабек өз дәрежесін пайдаланған емес, тіпті сол заманда ардагерлерге берілетін «Запорожец» автокөлігін кезектен тыс алудан бас тартты. Оны айтқаны: «соғыста барлық адам бірдей болдық, онда ешкімге де, ешқандай да жеңілдік берілген жоқ».
А.Умурзаков қиын да ұзақ өмір жолынан өтті. Ол бейбітшілік пен азаттық үшін күрескендердің қатарында, ортақ жауға қарсы шайқаста туған жер мен атамекен алдындағы борышын өтеген ұлы қазақ халқының ұлдарының бірі болды.
Ата-баба рухы, сондай-ақ оның шеберлігі мен арнайы дайындығы бұл адамды бірінші дәрежелі атқыш және барлаушы етті. Бүкіл соғысты басынан өткеріп, ондаған шайқастар мен жау тылындағы арнайы операцияларға қатысқан ол ерлігі мен батылдығы үшін ордендермен және медальдармен марапатталған.
Ауыр жараланып, бір тізесі бүгілмей, тірі қалған майдангер туған жеріне қаһарман болып оралып, балалары, немерелері мен шөберелеріне ғана емес, өз дәуірінің, өз заманының көптеген адамдарына ерлік пен қаһармандықтың тірі үлгісіне айналды.
ЕСКЕРТУ: Умурзаков Алмабек Умурзаковичке қатысты әскери тақырыптағы материалдар бұрынғы КСРО Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві болған, қазіргі Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің Орталық ахивінде сақтаулы тұр. Архивтік мәліметтер РФ қорғаныс министрігінің 2007 жылғы 8 мамырдағы №181 «О рассекречивании архивных документов Красной Армии и Военно-Морского Флота за период Великой Отечественной войны 1941-1945 годов» бұйрығымен құпиялылықтан шығарылған.
Дайындаған Анжела ИЗАЕВА
P.S. А.Умурзаков жайлы материалдар мен фотосуреттер жинағы майдангердің ұрпақтарынан алынды