ҚАРАПАЙЫМ ҚАЖЕТТІЛІКТЕН ТУҒАН ҮЛКЕН ІС

0

Кейде бизнес идея үлкен зерттеулерден, стратегиялық жоспарлардан емес, күнделікті өмірден – қарапайым тұтынушылық қажеттіліктен туады. Дүкендегі тауар сапасына көңілі толмай, өз қолымен одан да жақсысын жасауға бел буған жан – нақты сұраныстың нақты жауабына айналады. Қордайлық Жанна Қошаметова да осындай тұтынушылық түйткілден шабыт алып, өз ісін бастаған жан.

«Төсек-орын жабдықта-рын таңдағанда сапалы әрі қолжетімді бағада табу қиын екенін байқайтынмын. Қолжетімдісі – жұқа, тез тозады. Сапалысы – тым қымбат. Сонда неге өзім қалаған сапада тікпеске деген ой келді. Осылайша өзіме де, өзгеге де пайдалы дүние жасап көруге кірістім. Бұл осыдан 4-5 жыл бұрын, пандемия уақыты еді», – дейді кәсіпкер.

Бүгінде Жанна Жаңбыршықызы үйінде орналасқан шағын ательесінде төсек-орын жабдықтары, көрпеше, дастархан, орындық пен үтік тақтасына арналған қаптар, сүлгілер тігеді. Маталарды Түркиядағы фабрикалардан тікелей алдырады. Әр тапсырыс берушінің сұранысын тыңдап, олардың идеясын шеберлікпен жүзеге асырады. Айтуынша, шабыт көбіне тұтынушыдан келеді.

«Мен үшін бастысы – клиенттің разылығы. Әр бұйымда – маған артылған сенім жатыр. Сондықтан сапаға келгенде еш ымыраға бармаймын», – дейді шебер.

Алғашқыда тігін саласы оған жат еді. Бірақ, қасындағы тігінмен айналысатын көршісі қол ұшын созып, үйреткен. Бірнеше тапсырысты екеуі бірігіп тіккен. Көп ұзамай шебер көршісі басқа қалаға көшіп кеткенімен, Жанна тігінді тастап кетпеді – керісінше, іске белсеніп кірісті. Бүгінде оның өз ісі бар. Ательесінде екі адам жұмыс істейді. Сонымен қатар тігінге қызығатын жандарға ақылы курстар өткізеді.

Кәсібін әрі қарай дамытуға «Ауыл аманаты» жобасы үлкен қолдау көрсеткен. Биыл осы бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, заманауи тігін машиналарын сатып алған.

«Ауыл аманаты» жобасының пайдасы зор болды. Мемлекет тарапынан осындай мүмкіндік берілмегенде, кәсібім бұл деңгейге жете алмас еді. Енді алдағы жоспарым – үйде жұмыс істейтін шеберлер желісін құру. Бұл әсіресе әйелдер үшін өте маңызды. Бішкек қаласындағыдай жүйені бізде де неге жолға қоймасқа?» – дейді кәсіпкер.

Жанна Жаңбыршықызының айтуынша, олардың өндірісі – қалдықсыз. Әр қиындыны да кәдеге жаратады. Өз үйінің бір бұрышынан басталған іс бүгінде тұтынушылардың алғысына бөленген тұрақты кәсіпке айналды. Қарапайым армандар үлкен нәтижеге жеткізетініне дәлел бола білген кейіпкерімізге шығармашылық шабыт пен табыс тілейміз!

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.