БҰЛ – ӘКЕЛЕР СЫЙЛАҒАН БЕЙБІТ КҮН

0

Ұлы Жеңіс күні бәріміз үшін айрықша мереке. Бұл күн – сұрапыл соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен аталар мен апалардың рухына тағзым ету күні. Бұл мерекенің маңызы біздің Тәтібековтер әулеті үшін де айрықша. Соғысты біз көрмесек те, жеңістің қадірін, соғыстан аман оралудың артықшылығын жақсы білеміз.

Біздің әкеміз АМАНҚОЖА ЕДІГЕҰЛЫ ТӘТІБЕКОВ Ұлы Отан соғысы басталардан екі жыл бұрын – 1939 жылы кәмелетке жасы толып әскери қызметке шақырылады. Фин соғысына қатысады, ал соғыс қарсаңында шекаралық Брест қаласында артиллериялық полкте болған екен. Әскери борышын аяқтап үйге қайтуға бірнеше ай қалғанда 1941 жылғы 21 маусымда елімізге тұтқиылдан жау бас салады. Брест шекарашылары өліспей беріспей, қаланы қамалға айналдырып қызыл қан судай аққаны белгілі. Ауыр артиллерияның зеңбіректері мен зениткалары шекара шебінен оншақты шақырымдай ішкері орналасқандықтан, олар тосыннан төнген алапат шайқастан ішінара аман қалады. 268-ші артиллериялық дивизияның зенитка орудиесінің командирі болған әкеміз соғыстың осындай бастапқы күндерінде алғашқы ерлігін жасап үлгеріпті. 6 шілдеде немістердің әуе шабуылы кезінде олардың расчеті «Юнкерс-77» шабуылдаушы ұшағын атып түсіреді. Осы ерлігі үшін орудия командирі ретінде әкем Ленин орденіне ұсынылғанымен, жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты.

Тағы бір ерлігі 1942 жылдың мамыр айында жасалады. Полк комсоргі кіші политрук Кривошаповты құтқару кезінде жеті бірдей неміс автоматшыларын жусатып салғаны, кіші лейтенант Чабановтың партбилетін ұрыс даласынан алып келгені, соғыстың алмағайып сәтінде біздің қару жау қолына түсе қалғандай болса, олардың пайдалана алмауы үшін зенитка затворларын өзенге лақтырып жасырған ерліктері үшін екінші рет Ленин орденіне ұсынылады. Бірақ, оның орнына тағы да «Қызыл Ту» ордені беріледі.

Бұдан кейін олардың дивизиясы қайта жабдықталып, 302 полктің құрамында Сталинград қорғанысына жіберіледі. Әкеміз мұнда да талай қанды шайқастарға қатысып, ерлік үлгілерін көрсеткен. 1942 жылдың қазан, қараша айларында соғыстың беталысын өзгерткен аса ірі шайқастарға қатысады. Мұнда Аманқожаның расчеті барлығы он бес жау ұшағын атып түсіреді. Ал, 1943 жылы 6-7 шілдеде жаудың тағы екі ұшағын – бір барлаушы ұшағы мен «Мессершмидт-109» истребителін атып құлатады. Осының екіншісінде біздің «П-2» бомбалаушы ұшағын жау шабуылынан құтқарып қалған еді. Осы ерлігі үшін полк командирінің орынбасары Тәтібековтың Ленин орденіне ұсынылатынын жариялайды. Бірақ, бұл жолы ешқандай награда берілмейді. 1944 жылы 24 маусымда ІІ Беларусь майданында әкеміз ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделген соң, толық сауығып шығуға оған алты айға демалыс беріліп, елге жіберіледі. Бұл арада жаралы солдаттың демалыс уақыты біткенге дейін соғыс та аяқталады. Сөйтіп, әкем үшінші дәрежелі мүгедектікпен запасқа шығарылады.

Арада көп жылдар өткен соң, 1978 жылы әкем анамыз Зейнеп пен төртінші сыныпта оқитын кенже ұлы Сағатбекті ертіп өзінің соғысқан жерлері Орлов-Курск иініндегі Малоархангельск қаласына дивизия ардагерлерінің 35 жылдан кейінгі кездесуіне барып қатысты. Сол жолы майдангер достарының бірі Николай Рожнов қоярда қоймай Мәскеудегі үйіне ертіп барыпты. 1980 жылы қаруластарынан осындай кездесуге тағы да шақырту алғанымен, денсаулығына байланысты оған бара алмайды. Екі жылдан соң соғыста алған жарақаты салдарынан алпыс бес жасында дүниеден озды.

Біздің қолымызда қалыңдығы кере қарыс, айшықтап безендірілген үлкен қызыл кітап бар. Ол 2-ші гвардиялық зениткалық-артиллериялық дивизияның Мәскеу, Сталинград қорғанысынан басталып жау ордасы Берлинге дейінгі жорық жолдарының фотошежіресі. Біздің әулетке осыдан он жыл бұрын салып жіберген бұл кітапта әкеміз – осы дивизияның орденді жауынгері, гвардия сержанты Аманқожа Тәтібековтің де бірнеше суреттері бар екен. Ал, жауынгерлік ордендері мен медальдары Тараз қаласындағы облыстық мұражайға қойылған.

Майдангер әкеміз мүгедектігіне қарамай зейнет жасына дейін туған ауылы Шарбақтыда әртүрлі жұмыстар атқарып, анамыз екеуі екі қыз, екі ұл өсіріп тәрбиеледі. Бүгінде әкеміздің өмірін он төрт немере, он алты шөберелері жалғастырып келеді. Ал биыл бүкіл ел болып Жеңістің 80 жылдығын атап өтіп отырмыз. Бұл күндері арамызда әкеміз жоқ болса да, оның бізге сыйлаған Жеңісі, бейбіт өмірі бар! Бұдан былай да еліміз тыныш, бейбітшілік баянды болсын!

Қымбатгүл АМАНҚОЖАҚЫЗЫ, зейнеткер. Қордай ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.