Тұтқиылдан басталған Ұлы Отан соғысы біздің ауылға да құйын болып тиді. Бірақ ол ауылдастарымыздың жігерін жасыта алған жоқ. Керісінше, қолына қару ұстай алатын ер азаматтар майданға аттанса, кәрі-құртаң, жас балалар мен әйелдер шаруашылықтың сан-салалы жұмысын өз қолына алды. Мәселен, Кенен ауылынан майданға 273 адам аттанған екен. Ал олардың 200-дейі қайтып оралмады. Бір ғана ШОЛПАНҚҰЛ СЕЙІТОВТЫҢ семьясынан төрт адам оралмады: өзі, екі ағасы ҚАДІРБЕК пен ТАНА және баласы ЕРКІНБЕК. Сондай-ақ үш БАЙБОЛАТОВ, үш ТӨМЕНБАЕВ, үш ТАРАНЦЕВ, үш АРҚАБАЕВ, үш ЛУКЬЯНОВ, үш КИВА, Екі АБИТОВ майдан даласында құрбан болды.
Шағын ауылдан шыққан кеуделерін оққа тосқан ерлік жасаған ерлеріміз де көптеп саналады. Солардың бірі – Саймасай Кәкетаев. 28 гвардиялық танк бригадасы құрамында Смоленск, Псков түбіндегі ұрыстарға қатысты. Көрсеткен ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, Ерлігі үшін медалімен наградталды. Ол бейбіт өмір күндері ауылында еңбекке бел шеше араласып, шопандар арасында жақсы көрсеткіштерге жетіп, кеудесіне Еңбек Қызыл Ту орденін тақты. Өзінің майдан жолын соғыстың алғашқы күндерінен бастаған Әбдікерім Әлімбетов совет партизандары қатарында фашист басқыншыларына қарсы жау тылында ерлікпен шайқасты. Соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы ауылындағы мектепте ұстаздық қызмет етіп, қаншама ұл-қыздарды тәрбиеледі десеңізші! Жерлесіміз Ордабай Сәдібековтың өмірі ерлікке толы. Ол Херсон, Одесса, Севостополь қалаларын қорғауға белсене қатысып, Ушаков медалімен наградталған. Сондай-ақ 135-ші атқыштар дивизиясының 497 атқыштар полкі құрамында өзінің майдан жолын 1941 жылы бастаған Тұрысжан Қожағұлов аяғынан ауыр жараланып, мүгедек болып қалғанша майданның алдыңғы шебінде болды. Осындай ерлігі үшін ол Отан соғысы орденімен екі мәрте наградталды.
Майданға алғашқы лекте аттанғандардың басым бөлігі Мәскеу қаласын қорғауға қатысты. Солардың бірі – Н.Н.Белашов. Ол 28 гвардиялық панфиловшылар қатарында Дубосеково түбінде жауға қарсы қасық қаны қалғанша шайқасып, ерлікпен қаза тапты. Өз қаруластары сияқты ол да Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Аудан орталығында оған арналған ескерткіш, оның атынан көше аты да бар. Сондай-ақ 1075 атқыштар полкі құрамында шайқасқан ауылдасымыз Рахымжан Оңғарбаев та Мәскеуді қорғауға қатысты. Мәскеу түбіндегі Нахаба елді пунктінде гитлершілер бір топ қызыл әскерлерге қарсы қуатты күшпен шабуылға шықты, Рахымжан мен қаруластары фашистерді жақын жіберіп алып, қаруларынан оқты боратты. Жауынгерлердің қарсылығына төтеп бере алмаған жау ұрыс даласында ондаған ерліктерді қалдырып, кейін шегінуге мәжбүр болды. Сол жолы олардың бөлімшесі бірнеше елді мекенді жау тырнағынан азат етті, Рахымжан сонымен қатар Калинин қаласын азат етуге қатысты. Ол I және II-дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен наградталған.
173-ші атқыштар полкы құрамында мерген ретінде шайқасқан Ахметжан Нүпбаев Ленинград қорғанысына белсене қатысқандардың бірі. Ол бірнеше рет жаудың үш барлаушысын жойып жіберген кезде көзге түсті. Ленинград түбінде бірнеше рет жаумен қоян-қолтық шайқасып, солардың бірінде ауыр жараланды. Ахметжан осы ерліктері үшін II және III-дәрежелі Даңқ орденімен наградталған.
Қарапайым колхозшы ретінде аттанып, майдан даласында батыл барлаушы болған Ботабек Қашағанов Житомир түбінен Ордер өзеніне дейін жеткен. Ал, ауданымыздың байырғы халық ағарту қызметкері Қарқабат Құттымбетов екінші гвардиялық әуе десанты армиясының құрамында жеңіске дейін шайқасты. Осы ерліктері үшін әскери командование оны Қызыл Жұлдыз орденімен наградтады.
Жау ордасы Берлинге дейін жеткен, ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен наградталған барлаушы Қалыбай Барлыбеков жеңістен соң ауылда ағаш ұстасы болып ұзақ жылдар еңбек етті. Ауылдан қасиетті жерімізді қорғауға аттанған. Ленинград, Калининград, Сталинград, Орел-Курск үшін шайқасқан ауылдастарымыздың қатарында Байдәуке Ақаевты, Сырғабай Мырзашевті, Арынтай Усенбаевты, Бейсеғұл Жетпісбаевты, Шалтан Тәкеновты, Тұрсынқұл Игібаевты, Шабарбай Мақсұтовты, Рысдәулет Қожықовты, Рысбек Сегізбаевты, Инат Ботбаевты, Жанан Айтбаевты, Нұрлыбай Байниязовты, Дәрменбай Бәтішовті, Омарқұл Бошқаевты, Мырзақұл Тәттімбетовті, Қалияс Қылышбаевты, Бақберген Ахатовты, Қалыбек Молдабековті, Шойбек Әміровты тағы басқаларды атауға болады.
Хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналып келген ауылдасымыз Молдабай Байбағысовтың соңғы кезде деректері табылды. Ол Могилев маңындағы бауырластар зиратына жерленген екен. Майдан даласында көрсеткен қаһармандығы үшін ол Қызыл Жұлдыз ордені мен Ерлігі үшін медалімен наградталған. Сондай-ақ қызылізшілер жау қоршауында қалған Ленинградтағы Қисыбай Іңкәрбековтың ерлігін анықтады. Танкілерді тасалап, бұларға қарай бет алған жау автоматшыларын Қисыбай қаруластарымен бірге оқ жаудырып, гранат лақтырып қарсы алады. Отқа оранған танкіден жанталаса шығып жатқан фашистерді автомат оғымен жайратады. Осы ерлігі үшін Қ.Іңкәрбеков Даңқ орденімен наградталған.
Міне көрдіңіздер ме бір ғана шағын ауылдан шыққан ерлердің есімі мәңгі есте қаларлықтай. Сол кездегі ұрпақтың тағдыры оңай болған жоқ. Ұлы Отан соғысына қатысқан 273 адамның бар болғаны 38 жерлесіміз ғана аман оралды. «Ер есімін – ел ұмытпайды» деген осы болар.
Д.СЕГІЗБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі