ШӨП ЖАҚТЫҚ, ҚОҚЫС ӨРТЕДІК – ӨРТ ШЫҚТЫ!

Work in the garden. Farmer raking burning dried branches. Spring time
0

Көктем келісімен бау-бақша маусымы басталады. Көпшілік аулаларындағы қоқыстан, құрғақ шөп пен бұтақтардан арылу үшін ең оңай жол – оны өртеп жіберуді таңдайды.

Алайда шөп пен қоқысты өртеу – қауіпті іс. Мұндай алаулар көбіне учаскелеріндегі ірі өрттердің себебі болып жатады. Сонымен қатар бұл қоршаған ортаға және адамның денсаулығына орасан зиян келтіреді. Бір қарағанда, шөпті өртеп жіберу жеңіл көрінуі мүмкін: шөп шабудың, жинаудың, тастаудың қажеті жоқ. Бірақ мұның салдары туралы ойлап көрдіңіз бе? Табиғатқа келетін залалды қандай өлшеммен өлшеуге болады?

Үй іргесіндегі учаскелерде қоқыс жағу ережелері:

От жағу тек бақылаумен, арнайы дайындалған алаңда жүргізілуі тиіс.

Алаң топырақтың минералды қабатына дейін тазартылған, кемінде 25 см жолақпен қоршалуы қажет.

Қоқысты тек әлсіз жел кезінде, ғимараттар мен құрылымдардан кемінде 50 метр қашықтықта, шөп пен сабан жиналған орындардан кемінде 50 метр қашықтықта жағуға болады.

Тамақ дайындау тек арнайы жабдықталған құралдарда жүргізілуі мүмкін, бұл ретте ғимараттардан кемінде 4 метр алшақтық сақталуы керек.

Жауапкершілік:

Құрғақ шөпті, аңызақ пен сабан қалдықтарын өртеу, сондай-ақ меншік жер телімінде өртті сөндіру шараларын қолданбау — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Айыппұл мөлшері:

Жеке тұлғаларға — 20 АЕК

Лауазымды тұлғаларға — 50 АЕК

Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға — 200 АЕК

Орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 300 АЕК

Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 500 АЕК

Егер біреудің кінәсінен шымтезек немесе орман өрті туындаса, кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Өртті сөндіргеннен гөрі, алдын алу оңай екенін есте сақтаңыз! Өзіңізді, жақындарыңызды және мүлкіңізді оттан қорғаңыз!

А.ӘБІШ, Қордай ауданы ТЖБ-ның бас маманы, азаматтық қорғау майоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.