Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі — бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы — баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны. Бала дұрыс тәрбие алмаса жаман жолға түсіп, зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді. Бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады. Зорлық-зомбылық тәрбиесіздіктен де туындайды. Зорлық-зомбылықтың баланың мінез-құлқына әсер ету ерекшеліктері бар. Ата-анасы және басқа да заңды өкілдері ата-аналық құқықтарын жүзеге асырған кезде баланың дене және психикалық денсаулығына, оның имандылық дамуына зиян келтіруге құқылы емес. Баланы тәрбиелеу тәсілдерінде баланың адамдық қадір-қасиетіне менсінбей дөрекі қарау, оны қорлау немесе қанау болмауға тиіс.
Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу — бұл тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті. Дүниеде зорлық-зомбылық болмаса адам өмірі, адамзат дүниесі сұлу да әсем болар еді.
Бала тәрбиесінде тәрбиелілікке жетудің жолы — еңбекке, әдептілікке, инабаттылыққа, адамшылыққа, қайырымдылыққа үйрету. Осылардың барлығын балалардың бойына сіңіріп, күнделікті өмірде әдетке айналдыру тәрбиенің басты мақсаты болмақ. Сонымен бірге бала тәрбиесіндегі тәрбиелілікке үйретудегі пәрменді тәсіл — адамдардың өзара тәлімі мен үлгісі екенін айтқанымыз жөн. Халық даналығы – «Адамнан — адам тәлім алады, ағаштан – ағаш мәуе алады» деген сөз бекер айтылмаған. Қазіргі таңда тәуелсіздік алған мемлекетімізде зорлық — зомбылыққа жол жоқ. Оның етек алуы отбасынан басталады. Отбасындағы салауаттылық – өркениетті қоғамның талабы, өйткені ұрпақтан — ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер мен мұраттар көбінесе отбасында дамып, қалыптасады. Сонымен қатар тәрбие саласына аса мән беру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады.
Балалар – еліміздің болашағы. Оларды тәрбиелеу, оқыту, білім беру, болашаққа қадам бастыртып осы өмірде өз орнын таптыру әр ата — ананың міндеті. Ананың бесік жырынан басталатын қарым — қатынасы, іс — әрекет, әдет — ғұрып, салт — дәстүр осылардың бәрі адамның дүниетанымын, сана — сезімін, мінез — құлқын қалыптастыратын тәлімдік мұра. Бала тәрбиесі, болашағы біздерге аманат. Салауатты, тәрбиелі, иманды ұрпақ-тәрбиелеуді баршамызға нәсіп етсін. Зорлық-зомбылық қоғам қасіреті, ал оны тоқтату әрқайсымыздың қолымызда.
М.ТОЛБАЕВА, Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының мейірбикесі