Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егісті жүргізу мен вегетациялық кезеңді өткізу шарасы қаралды. Тиісті министрлер егіс науқанының атқарылу барысы туралы және саладағы күрделі мәселелер жөнінде баяндама жасады.
Көктемгі егісті уақтылы және сапалы жүргізу – Үкіметтің тұрақты бақылауындағы мәселенің бірі. Биыл жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға көп. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылын әртараптандыруға жүйелі жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, 2 жылда бидай алқабы 750 мың га қысқарды.
«Ал «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен қытайлық Синьцзян Лихуа компаниясының ортақ жобасы есебінен тамшылатып суарылатын мақта алаңы керісінше 50 мың гектарға ұлғаяды. 2023 жылға дейін тек 2 мың гектар мақта алқабы тамшылатып суару технологиясымен өсірілген еді. Қызылорда өңірінде күріш алқабы 4,7 мың га қысқарады. Одан бөлек, суды үнемдеу үшін 9,2 мың га су үнемдеу технологиясын енгізіп, 60 мың га лазерлік тегістеу жұмысы жүргізіледі», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
«2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларда 26 млрд м³ су жиналған. Межелі түрде тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, мамыр айында Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы «Бахри-Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режімі бойынша үшжақты кесте бекітіледі. Аталған құжат шеңберінде елге вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн м³ су жеткізіледі деп жоспарланып отыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қазгидрометтің мәліметі бойынша, алдағы вегетация маусымы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жауын-шашын тапшылығы жағдайында өтеді. Сондай-ақ, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразиялық климаттық орталығынан алынған деректерге сәйкес, биыл мамыр-шілде айларында гидрологиялық құрғақшылықтың туындау ықти-малдылығы жоғары деп болжаған. Бұл жағдай аграрлық секторда, әсіресе Жайық және Сырдария өзендері бассейндерінде елеулі қиындық тудыруы мүмкін.
Көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын жүргізуге 700 миллиард теңге, жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына 200 миллиард теңге бөлінді. Бұл ретте қаржыландыру тек қана тиімді әрі адал өндірушілерге берілгені дұрыс. Премьер-министр әкімдіктерге бюджет қаражатының мақсатты әрі ұтымды пайдаға асуына тұрақты мониторингті жүргізуді тапсырып, диқандарды қажетті су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесінің маңызы зор екенін айтты.
«Климаттық сын-қатерлердің күшеюі мен қолжетімді су ресурстарының қысқаруы жағдайында вегетациялық кезеңнің сәтті өтуі ерекше өзектілікке ие болып отыр. Бұл мәселені шешу жүйелі тәсілді қажет етеді. Ылғалды көп талап ететін дақылдарға тәуелділікті азайту шараларын қабылдау, ғылыми институттарды жұмылдыра отырып, фермерлердің құрғақшылыққа төзімді агротехнологияларға көшуі бойынша жер-жерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек», – деді О.Бектенов.