ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫ

0

Адам жанына араша түсетін мамандықтардың бірі – дәрігерлік. Ал оларды бір күнге болса да алмастырып көру – екінің біріне бұйырмайтын тәжірибе. Біз – журналистер, бір күнге Қордай аудандық орталық ауруханасы жанындағы «мобильді бригада» бөлімшесінің тыныс-тіршілігіне үңілдік. Қоңырауға асығып жету, ауру жанның жанарына үміт сыйлау, кейде алғыс, кейде өкпе есту – осының бәрі фельдшерлердің күнделікті міндеті екен. Бұл жолы “Журналист мамандық өзгертеді” айдары арқылы бізге сол бір ауыр, бірақ абыройлы жолдың көзге көріне бермейтін қиындықтарымен танысу бұйырды.

Дүйсенбі. Аудандық ауруханаға бағыт алдық. Айдын Байбеков жетекшілік ететін аурухананың әкімшілік ғимаратына енгеніміз сол еді, статистик дәрігер Мақсат Чарабас «Мобильді бригада» бөлімшесіне жол бастады. Біз барғанда фельдшер қызметінде жұмыс істейтін Дүйсебек Молжігітов отырды. Оның негізгі қызметі – диспетчер қабылдаған шақыртуларды назарға алып, науқастың мекен жайына барып, алғашқы медициналық жәрдем көрсету. Фельдшер Дүйсебек Нұрақұлы қырық жылға жуық өмірін медицина саласына арнаған білікті маман. Ол 1986 жылы Токмок медициналық училищесінде «Фельдшер» мамандығын аяқтаған. Аталмыш оқу орнын аяқтай салысымен 1986-2003 жылдар аралығында Токмок қаласында жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері болып қызмет атқарды. Содан, 2003-2018 жылдары Қордай аудандық орталық ауруханасына ауысып, жедел жәрдем бөлімшесінде фельдшерлік қызметін жалғастырған. Ал 2018 жылдан ағымдағы жылдың мамыр айына дейін жедел жәрдем бөлімшесінің 4-ші санатты фельдшері. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап орталық аурухана жанынан құрылған «Мобильді бригада» бөлімшесінің фельдшері болып қызметін жалғастыруда. Аталмыш бөлімше күндізгі ауысымда қызмет атқарып, жұмыс кестесі таңғы сағат 8.00-де басталады.

Сонымен біз диспетчер орналасқан бөлмедеміз. Бригада диспетчері Нұрым Сейітқазы Алматы қаласындағы Қазақ-Ресей медицина колледжін «емдеу ісі» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2015 жылы аудандық орталық аурухананың жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері болып бастайды. 2018-2025 жылдар аралығында аталмыш бөлімшенің 4-ші санатты фельдшері. Ағымдағы жылдың 1 мамырынан мобильді бригада фельдшері, әрі диспетчері болып қызмет етіп келеді.

Бригаданың тағы бір маманы Айгүл Журумбаева. Ол 2001 жылы Қырғызстан республикасы, Бішкек қаласындағы медициналық училищесін аяқтаған. 2002 жылы орталық аурухананың жедел жәрдем бөлімшесінің диспетчері болып жұмысқа қабылданады. 2008-2012 жылдары жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері болып қызмет атқарған. 2018-2025 жылдары шұғыл жәрдем бөлімшесінің 4 санатты фельдшері. Қазіргі таңда мобилді бригада фельдшері, диспетчері қызметінде.

Осылайша, сұқбат жүргізіп тұрған сәтте мобильді бригадаға шақырту түсті. Қоңырауды қабылдаған диспетчер Нұрым Сейітқазы науқасқа қатысты барлық мәліметті ақпараттық жүйеге толтырып, оны бригада фельдшеріне ұсынды. Сонымен, фельдшер Дүйсебек Нұрақұлымен жедел жолға жиналып, біз де ілестік. Аудан орталығындағы Жібек жолы көшесінің 5-қабатты тұрғын үйде тұратын «созылмалы аурулардың өршуі» себебінен жәрдемге жүгінген науқасқа шамамен 10 минутта жеттік. Фельдшер ауруын басатын екпе салып, алғашқы жәрдем көрсеткен соң, науқас орталық ауруханаға фильтр бөлімшесіне жеткізілді. Бұдан кейін бригадаға шақыртулар толассыз түсе бастады. Келесі бір шақыртуда Иса Байзақов көшесінің тұрғыны егде жастағы анасының денсаулығы сыр беріп қоңырау шалған. Мекен жайға жеткен мобильді бригада науқастың қан қысымын өлшеп, ыстығын тексеріп тиісті ем-дом жүргізді. Осыдан шыға салып, диспетчерден кезекті хабарлама келді. Төле би көшесінің тұрғыны ер адам дене қызуының түспей тұрғанын айтып шағымданған. Қолына дәрігерлік жәшігін алған маман көрсетілген мекен жайға тағы асығыс жөнелді. Әдеттегідей қан қысымын өлшеп, дене қызуын тексерген маман алғашқы жәрдемін көрсетті.

«Қоңыраулар І, ІІ, ІІІ, ІV санатты болып бөлінеді. І санаттағы жүрек аурулары, тыныстың тарылып, тұншығуы, қан кету, есінен тану сияқты ауруларға «жедел жәрдем» он минутта жетеді. ІІ санаттағыларға жету уақыты – 15, үшінші санат бойынша 30 минут белгіленген. Ал, төртінші санаттағыларға – 60 минут ішінде емхананың мобильді бригадасы, яғни, біз барамыз», — дейді фельдшер Дүйсебек Молжігітов.

Алғашқы жәрдемге жүгінген тұрғындардың барлығы бірдей дәрігерлерге оң көзқараспен қарай бермейді. Зіркілдеп айқайға басатыны да, жылдам жеткен жедел жасақ мүшелеріне есікті күлімдеп ашатыны да кездеседі.

Расымен де, бұл қызметті атқаруда жүйкеңіз темірдей болуы қажет. Алайда, біздің шамамыз үш-төрт сағатқа ғана жеткенін жасырмаймыз. Сан түрлі ауруға кезігіп, шаршап, шалдыққанда «жедел жәрдемшілерге» көпшіліктің айып тағуы бекер деген ойға келдік. Егер сіздің шақыртуыңызға «жедел жәрдем» жылдам жетпей жатса, оған түсіністікпен қараңыз. Өйткені, олар кешіксе, себепсіз емес. «Бір адамның жанына араша түсіп жатыр» деп қабылдау жөн-ақ.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.