ФИН СОҒЫСЫНАН КОРЕЯҒА ДЕЙІН

0

Биыл Ұлы Отан соғысында Совет Одағының неміс басқыншыларын жеңген Ұлы Жеңіске 76 жыл толады. Осы мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатынасқан өзімнің әкем Шойынбаев Бегімбет Киізбайұлының ерлікке толы өмірі туралы қысқаша жаза кетсем деп отырмын. Өйткені, қазіргі жастар ата ұрпақтың жасаған ерліктерін ұмытпауы керек деп ойлаймын.

Менің әкем – Шойынбаев Бегімбет Киізбайұлы 1915 жылы қазіргі Қордай ауданының Бетқайнар ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Ол 1939 жылы әскер қатарына Бішкек қаласынан шақырылады. Сол жылы Кеңес Одағының Коммунистік Партиясының қатарына мүшелікке өтеді. 1939-жылдың 30-шы қарашасында Кеңес Одағы мен Финляндия арасында соғыс басталады. Әкем 1940 жылдың 12 наурызына дейін созылған сол соғысқа бастан-аяқ қатысады. Ұлы Отан соғысы басталардан 2 жыл бұрын әскерге шақырылып, әскери дайындықтан жақсы деңгейде өткендіктен бе екен, әйтеуір қатарында әкем бар әскери бөлімді Отан соғысының әртүрлі қиырына жұмсаған екен. Оған дәлел  әкемнің өз айтуы бойынша жүріп өткен майдан жолдары.

Ұлы Отан соғысы кезінде әкем Ресейдің Ростов на Дону, Белгород, Украинаның Милитополь, Днепр, Новогород, Львов қалаларын азат етуге қатысады. Чехословакияның  Медзилаборце, Колбасов, Мораваны, Дарговский-Прьесмик, Кошице қалалары мен Польшаның Бельско-Бяла, Чеховице-Дзедзице қалалары үшін шайқасады. Сондай-ақ ол Германияның Грабов  және басқа да қалаларындағы ұрыстарға қатысады. Ұлы Отан соғысы кезінде әкем Қырым түбегі мен Кавказды қорғау операцияларына да қатынасқан екен. Бұған дәлел осы соғыстарда алған оның көптеген алғыстары мен орден-медальдары. Қырым түбегінде ол Ставрополь, Пятигорск, Севастополь, Ялта, Феодосия, Керчь қалалары үшін жан аямай шайқасады.

Кейінірек Кавказды азат ету шайқастарын Кабардин-Балқар республикасын, Эльбурсты, Марухск асуын неміс-фашистерінен азат ету соғыстарына қатысқан екен. Батыстағы соғыс аяқталған соң әкем Қытайдың Маньчжурия қаласынан бірақ шығады. Онда ол Жапонияның Квантун армиясына қарсы соғысады. Қытайдың Фуцзянь, Хэйхе қалаларында болады. Ол жапондардан Сахалин мен Курил аралдарын азат ету операцияларына қатынасады. Сол кезде осы аралдарды азат ету барысында 2000-дай кеңес жауынгері қаза табады. Содан майдан жолы оны  Солтүстік Кореяға дейін жеткізеді. Бұл кезде Оңтүстік Кореяға Америка әскері кірген еді. Совет әскері Солтүстік Кореяда 1948 жылға дейін тұрды.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін әкем «Ерлігі үшін» «За оборону Кавказа» медалімен, ІІІ-дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Сондай-ақ, ол әскерден кеудесіне «Қызыл Ту» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерін тағып оралды. Бір қызығы, осы ордендердің және басқа да алғыстарының құжаттары үйде әлі күнге сақтаулы. Бұдан әкемнің қаншалықты ұқыпты адам болғанын байқауға болады. Сол құжаттарды негізге ала отырып, әкемнің алған кейбір алғыстарын да жазсам деймін. Менің әкеме Новы-Тарг,

Феодосия,  Керчь қалаларын азат етуге қатысқаны және Карпат үшін болған соғыстағы ерліктері, Чехословакияның Оломоуц қаласын азат етудегі ерліктері үшін Сталин алғыс жариялаған.

Жоғарыда аталып өткен әкеме жарияланған алғыстардың құжаттарының бәрі біздің үйдің архивінде сақтаулы тұр.

Сөйтіп әскерге 1939 жылы кеткен әкем Кеңес-Фин соғысына, Ұлы Отан соғысына, Қиыр Шығыстағы Жапондармен болған соғысқа бастан аяқ қатысып және Солтүстік Кореядағы Совет әскерінің құрамында болып, елге тек 1947 жылы оралады.

Әкем соғыстан келген соң ауылдағы бейбіт өмірге араласады. Қазіргі Бетқайнар ауылында бригадирлік және әртүрлі басқа да жұмыстар атқарып, 1975 жылы зейнетке шықты. Ерлікке толы өмір кешкен әкем – Шойынбаев Бегімбет Киізбайұлы өзінің бала-шағасының алдында 1982 жылдың қыркүйегінде өмірден озды.

Қазіргі таңда әкемнен тараған ұлдар мен қыздар, немерелер мен шөберелер Ұлы Отанымыздың көркеюі үшін халық шаруашылығының әр саласында табысты еңбек етуде. Отан үшін от кешкен аталар ерлігі – жас ұрпаққа әрқашанда үлгі болып қалуға тиіс!

 

Болатбек Шойынбаев,

Қордай ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.