Өткен күннің парақтары – өскелең ұрпақ үшін тарих. Кешегіге көз салмай, сол дәуірдің жарық сәулесін жаққан кейіпкерлердің өмір жолына назар аудармай, оны үлгі етпей болашаққа ұмтылу әсте мүмкін емес. Әр кезеңнің өз тарихы, өмір сүру жағдайы, өзіне тән жетістіктері мен кемшіліктері бар.
Көңілімізге көп күмән ұялатып, кемелденген коммунизмге қол созған Кеңес Одағының да ауыз толтырып айтарлықтай жақсы тұстары болғаны баршамызға аян. Соның бірі сол дәуірдегі еңбек адамдарын, өз кәсібінде озат болып, алдыңғы қатардан көріне білген жандарды елеп-ескеріп, олардың еңбегін бағалай білуі еді. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы бойынша еңбек майданында шыныққан шопан, бақташы, сауыншыларды ерекше қадір тұтып, оларға арнайы сый көрсететін. Соның нәтижесінде өз ісіне адал, шыншыл, жауапкершілігі мол, кәсібіне жан-тәнімен берілген еңбекшілер шоғыры қалыптасып, олар ауыл, аудан, облыс, республика даңқын аспандатып, келелі жұмыстардың басы-қасынан табыла білді.
Бүгінгі біздің мақаламызға арқау болып отырған қарапайым болмыс иесі НҰРЖАХАН КЕРДЕНОВА да өзі өмір сүрген тұста замандастарынан оқ бойы оза шауып, сауыншы болып еңбек етіп, ауыл, аудан мерейін асырған жан. Сауыншы болу – үлкен төзімділікті, қажырлылықты, әйел жанының нәзіктігіне қарамай, күш-жігерді қажет ететін ауыр жұмыс.
Нұржахан Керденованың 89 жылдық өмірі – тарихтың нағыз көрінісі. Оның жадында соғыс жаңғырығы, кеңес дәуірінің еңбек күндері және ұзақ ғұмырында жанын жылытқан отбасының жылуы сақталған.
Нұржахан апаның балалық шағы өте ауыр жағдайда өтті. Соғыс басталғанда ол небәрі 5 жаста еді. Анасы бес баланы жалғыз өсірген отбасы үшін соғыс өте ауыр болды. «Киерге киіміміз де, аяқ киіміміз де жоқ еді, – деп еске алады ол. – Жазда да, қыста да жалаң аяқ жүгіргеніміз есімде». Анасы бес баланы жалғыз өсірді, оның үшеуі көп ұзамай майданға аттанып, Нұржахан мен сол кезде сәби болған Жомарт інісі ғана қалды.
Киім мен аяқ киімнің болмауы, жақындарының тағдыры туралы үнемі алаңдаушылық-мұның бәрі кішкентай қыздың есінде қалды. 1945 жылы, ол небәрі 9 жаста болғанда, анасы ұлдарын аңсап, дүниеден өтті. «Анам ұлдарын майданнан әбден күтіп, соғыс біткен кезде үміті үзіліп, енді келмейді-ау деп, күйінгеннен қайтты», — дейді апа, көзіне жас алып. Жеңістен кейін ғана, бірінен соң бірі, ағалары үйге орала бастады.
Анасымен бірге кешкен қиын жылдар оған өмірдің құндылығы мен қайсарлығын үйретті. Қайын атты ағасының соғыста бастан кешкені ерекше қиын болды. Ол немістердің қолына түсіп, концлагерьдің қасіретінен өтіп, 1946 жылы ғана үйіне қайтып оралды. Нұржахан Керденова 10 жасқа толғанда оны мектепке апарып, білім алуға мүмкіндік берген де сол еді. Ол 99 жасқа жетіп, ұзақ ғұмыр кешіп, 2019 жылы дүниеден озған ардақты ардагер.
Кішкентай қыздың бастан өткен барлық қиындықтарға қарамастан, өмір жалғасты. 1955 жылы 19 жасында Сматай Жолдасбаевпен тағдырын қосты. Екеуі бірге 54 жыл бақытты ғұмыр кешіп, алты бала (бес ұл мен бір қыз) тәрбиеледі. Қазіргі таңда Нұржахан апа – 14 немеренің, 22 шөберенің және бір шөберенің әжесі атанып отыр.
Еңбекқорлық пен адалдықтың арқасында Нұржахан апа 25 жыл фермада сауыншы, 10 жыл наубайханада қызмет атқарды. Оның қолдары еңбектің, ал жүрегі отбасының бағасын білді.
Бүгінде Нұржахан Керденова өзі тәрбиелеп, өсірген сүйікті немересімен, немере келінімен және шөберелерімен бірге қара шаңырақ астында кейуана болып отыр. Оның ғұмыры – төзімділіктің, өмірге деген сүйіспеншіліктің және жақындарына деген адалдықтың үлгісі. Ол нағыз аңыз, екі ғасырдың куәгері десек те болады. Нұржахан әженің өмірі болашақ ұрпақ үшін тарих болып сақталуы тиіс. Оның тағдыры бір адамның ғана өмірбаяны ғана емес, бұл біздің еліміздің тарихының бір бөлігі, қиын сынақтардан өткен және адамгершілік пен жақсылыққа деген сенімін сақтаған халықтың тарихы.
Мадина УЗБЕКОВА