Мемлекет басшысы бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитінде Қазақстан Орталық Азиядағы сирек металдардың кен орындары туралы барлық өзекті ақпаратты жинақтайтын Аймақтық зерттеу орталығын құру туралы бастама көтерді.
– Бiрлескен кәсiпорындар құру, технологиялар трансфертi, ита-лиялық өндiрiстi өз аймағымызда локализациялау ортақ мүддеге сай келеді. Бұдан елдеріміз едәуiр пайда табады. Бұл бағытта жемісті ықпалдастықтың мысалдары бар. Атап айтқанда, қазақстандық зауыттардың бірінде италиялық ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жолға қойылған. Бұдан бөлек, Италия компанияларының қатысуымен күкірт қышқылын өндіретін және газ өңдеу зауыт-тарының құрылысы басталды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тағы бір маңызды мәселе ретінде трансконтиненталды байланысты нығайтуға тоқталды. Яғни
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыта отырып, елдеріміз көне Жібек жолын жаңа сипатта қайта жаңғыртып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық орнықтылық мәселелерін де қамтыды. Мемлекет басшысы Орталық Азия қазірдің өзінде жаһандық жылыну салдарын бастан кешіріп жатқанын айтты. Президент Италия тарапына аймақтағы экологиялық проблемаларды шешуге, соның ішінде Арал теңізі бассейнін қалпына келтіруге белсенді қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
– Қазіргі уақытта Италияда төрт мыңға жуық қазақстандық студент білім алады. Біз жастарымыздың үздік университеттерде оқуына мүмкіндік жасағаны және грант пен шәкіртақы ұсынғаны үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Италияның техникалық жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиалдарын ашуға шақырамын. Біз қазір инженерлік-техникалық білімге ерекше мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында 2026 жылы «Орталық Азия мен Италияның мәдениет жылы» тақырыбы аясында бірлескен іс-шаралар легін өткізуді ұсынды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жиында айтылған ұсыныстардың барлығы отырыс қорытындысы бойынша қабылданатын Бірлескен декларацияда көрініс табатынын жеткізді.
Бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитінде Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.