2025 жылдың 26–29 мамыр күндері аралығында Алматы қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында сервис және қызмет көрсету саласы бойынша V Республикалық кәсіби шеберлік конкурсы өтті.
Аталмыш байқау – педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, шығармашыл және талантты мамандарды анықтауға, қолдауға, сонымен қатар тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды алаң саналады. Конкурсқа еліміздің әр өңірінен білікті ұстаздар қатысып, өз білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды.
Жамбыл облысынан бұл додаға «Аспаздық ісі», «Кондитерлік іс», «Наубайшы ісі», «Киімді үлгілеу», «Мейрамхана ісі», «Шаштараз өнері», «Қонақ үй әкімшілігі» құзыреттіліктері бойынша 7 педагог қатысып, өз шеберліктерін сынға салды.
Солардың ішінде «Киімді үлгілеу» құзыреттілігі бойынша №7 Бетқайнар колледжінің арнайы пән оқытушысы Жұмашова Нұржан Алиясқарқызы ерекше көзге түсіп, байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанды.
Нұржан Алиясқарқызы – ұзақ жылдар бойы білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Ол тек теориялық біліммен ғана емес, өндірістік тәжірибемен ұштастырылған заманауи әдіс-тәсілдерді қолданып, болашақ мамандарды сапалы даярлауда зор еңбек сіңіріп жүр. Конкурс барысында киімді үлгілеу, сәндік элементтерді үйлестіру, заманауи трендтерді қолдану сияқты бағыттарда өзінің кәсіби біліктілігін жоғары деңгейде дәлелдеді.
Мұндай байқаулар – педагогтің өз әлеуетін толық ашуға, өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ кәсіби өсуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Аудан намысын абыроймен қорғаған Нұржан Алиясқарқызын шын жүректен құттықтаймыз!