Атбасар қаласындағы Ақмола облыстық «Атбасар» қариларды дайындау орталығында Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша республикалық байқау өтті. Аталған байқауға еліміздің әр аймағындағы қариларды дайындау орталықтарының шәкірттері қатысып, өзара бақ сынаған болатын. Байқау төрт негізгі номинация бойынша өткізілді. «Құранның 10 парасын жатқа оқу», «Құранның 20 парасын жатқа оқу», «Құранның 30 парасын жатқа оқу» және «Құранды мәнерлеп оқу».
Жарыстың басты мақсаты – жас қарилардың Құран оқу шеберлігін арттыру, олардың ынтасын қолдау, сондай-ақ діни білімге деген қызығушылықты ояту болды.
Аталмыш байқауға Жамбыл облысынан «Қордай» қарилар дайындау орталығының шәкірттері белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда Биляль Паншаров, Юсуп Исмарұлы,
Абдурахим Дауров және Қамбар Құранды мәнерлеп оқу бойынша өнер көрсетіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Бұл жеңіс – шәкірттердің тынымсыз еңбегі мен ұстаздарының сапалы тәлім-тәрбиесінің нәтижесі. Қордайлық қарилар байқаудағы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, еліміздегі үздік қарилар дайындау орталықтарының бірі екенін дәлелдеді.