«БАЛА БОЛУҒА УАҚЫТЫМЫЗ БОЛМАДЫ…»

0

Сонау 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы кімнің қабырғасын қайыстырмады десеңізші. Ұлдары соғысқа аттанған аналардың, ері майданға кеткен келіншектердің, әкесі қаруланып соғысқа аттанғандағы  балалардың көңіліне түскен күйбеңді біз түсіне алмайтынымыз ақиқат. Ал, сол шақты көзбен көріп, көңілмен сезінген жандар арамызда әлі де бар. Солардың бірі  Әбдіқасым Иманқұлов ақсақал.

Қазіргі Көктөбе ауылының соғысқа дейінгі өмірі кейіпкеріміздің көз алдында. Ол 1936 жылдың мамыражай мамырында дүниеге келген. Әкесі Иманқұл колхоздың жылқысын баққан. Ал, анасы Зағипа болса колхозда да қызмет еткен жан. Бала Әбдіқасым осы бейбіт өмірдің перзенті болып өсті. Сол жылдардың өзінде ауылда балабақша болған екен. Алаңсыз ойын қуып өскен олардың алдында не күтіп тұрғанын өздері де, өзгелерде  бейхабар еді. Қолдарына таяқты автомат еткен  ойыны шынға айналғанын олар осы кездері сезді. Солдат киімінде бір топ адам жүк көлігімен келіп, соғыстың оты тұтанғандығын ескерткенде елдің абыр-сабыр болғанын ол кезде де түсінбегенді. Тек арада күн өтіп әр үйдің әкесі мен ағаларын аналары қимай көз жасын төгіп шығарып салғанда ғана бір сұмдықтың болғанын көңілдеріне түйген еді. Міне осы кезден бастап Әбдіқасым қарияның балалық шақтың бақытты күндері аяқталған-ды. Енді ол бес жасынан бастап жұмысқа араласатын болды.  Өйткені, ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басатыны белгілі еді. Осылайша, оларда майдандағы жандарды азық-түлікпен, шикізатпен қамтамасыз етіп, өздерінің де күн көрістері үшін тер төкті. Соғыс жылдары майдандағы жауынгерлердің жеңіске жетуіне тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі өте зор болды. Осы күндерді есінен әлі шығармаған кейіпкеріміз елдегі қолына қару ұстап, жауға қарсы тұра алатын атпал азаматтар бірінен соң бірі майданға аттанып жатқаны күні кешегідей оның есінде. Бала болса да белді бекем буып, сол кездегі қыз-қыз қайнап жатқан еңбектің бел ортасынан табыла білді. Тағдыр бала Әбдіқасымның да басынан сипамады. Таң азаннан тұрып анасына еріп түрлі еңбектерге жұмылды. Бұрынғыдай уақытылы ас ішуді де ұмытты.

-Уақыт өте неміс жендеттері жеңіліп, Кеңес Одағының әскерлері жеңіске жетті. Ұлы Жеңісті тойлағанымыз да әлі есімде. Соғыс аяқталғаннан кейін де елімізде жағдай бірден түзеле қоймады. Тыл игеру бұл кездері үлкен науқанмен жүріп жатты. Тылда бел жазбай күні-түні жұмыс істедік, — дейді өткенді еске алған ардагері.

Осылайша уақыт өте елдегі жағдай бір жүйеге келе бастаған шақ. Білім қуғысы келген жастар қатары көбейіп, олардың арасында Әбдіқасым Иманқұлұлыда алдына мақсат қойып, Алматыға аттанады. Онда сол кездегі ауылшаруашылық институтқа оқуға түсіп, оқуды аяқтаған соң елге қайтып, Калинин колхозында бас агроном болып істейді. Қызметтегі еңбеккерлігі үшін алғыс хаттар алып, басшылықтың көзіне түсіп, қазіргі Жаңатұрмыс совхозында қызмет атқарады. Онда бас агроном, одан кейін директордың орынбасары жұмыстарын істейді. Жұбайы Әлімбүбі әжейде елге еңбегі сіңген ұстаз болды. Осылайша Әбдіқасым атамыз ауқымды қызметтері үшін құрметке бөленіп 1996 жылы зейнетке шығады. Деседе ақсақал зейнетке шықтым екен деп қол қусырып отырмай ел ішіндегі қоғамдық жұмыстарға араласады. Қазіргі таңдағы Отар ауылындаға мәселелерді көтеріп, оның шешілуі жолында көптеген еңбектер сіңірді. Қаншама уақыт ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, жұмыстардың бел ортасында жүрді. Бүгінде Әлімбүбі әжей екеуі  балаларының ортасында немерелері мен шөберелерін сүйіп, өмірдің шын мәнін сезініп жүрген бақытты жан. Бүгінгі бейбіт өміріне дән риза. Қиындықпен өткен балалық шағын ұмытып кеткендей «Мен өте бақытты жанмын» дейді. Міне, бұрынғының адамдары міне осындай қарапайым да қайратты. Басына түскен қиыншылыққа мойымайтын қайсар жандар. Ұлы Жеңіс бізге осындай қайрақтай қайсар жандардың арқасында келді. Бұл кісілердің ерлігі де еңбегі де болашақ ұрпаққа үлгі. Осы жылдың мамырында ауданның Құрметті азаматы Әбдіқасым Иманқұлов 85 жасқа толып отыр.

 

М.Қарабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.