Тәуліктің жиырма төрт сағатында, мереке мен демалысқа, ауа-райына қарамастан еңбек ететін полиция қызметкерлерінің мойнындағы жауапкершілік пен жанкештілікті көбіміз ескере де, сезіне де бермейміз. Темірдей тәртіп пен мезгілсіз жұмысты кез-келген жанның қатар алып жүре алмасы сөзсіз. Ал осы жауапкершілікті ұрпақтан ұрпаққа аманаттай алған отбасылар – ел ішінде үлкен құрметке ие.
Солардың бірі – Қордай ауданындағы Оспановтар әулеті. Бұл әулетте полиция формасын киіп, елге адал қызмет етуді өмірлік мұрат еткен үш бірдей буын бар. Атасы – КЕНЕНБАЙ, ұлы – МҰХИТ, немересі – МАРЛЕН. Олар үшін полиция болу – тағдыр таңдауы, өмірлік құндылық, ішкі жауапкершілік. Тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі қарсаңында өнегелі әулеттің өкілдерімен сұхбаттасудың сәті түсті.
«Біздің әулетімізде ішкі істер саласына алғаш қадам басқан – Мазимбаев Кененбай Оспанұлы атамыз. Ол кісі 1977 жылы Қордай аудандық полиция бастығының тәрбие саясаты жөніндегі орынбасары қызметінде еңбек жолын бастап, 1992 жылы майор шенінде зейнетке шыққан. Әкем Мұхит та атамның жолын жалғады. Ол еңбек жолын 1992 жылы Қордай аудандық ішкі істер бөлімінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болып бастап, 2015 жылы подполковник шенінде құрметті зейнет демалысына шықты. Мен үшін бұл мамандық – кездейсоқ таңдау емес. Әкемнің қызметі менің өміріме тікелей әсер етті. Ол кісінің қызметіне деген адалдығы, батылдығы мен салмақтылығы маған кішкентай кезімнен үлгі болды. Ал қазір өзім де осы жолды жалғастырып, 2021 жылдан бастап Қордай аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етудемін. Бұл біздің ортақ құндылығымызға айналған мамандық», — дейді Марлен.
Жас полицей үшін әкесі мен атасының еңбек жолы – балалық шақтан санаға сіңген өнеге. Әулет мүшелеріне ортақ қасиеттер де бар – жауапкершілік, адалдық және сабырлық. Бұл қанмен берілген тәртіп болса керек. «Әкем жұмыстан формамен келгенде біз үшін ол батырдай көрінетін. Бала кезімізде оның жұмыста кешіккен күндері жиі болатын, сол сәттерде «Халықтың амандығы үшін жүрген шығар» деп іштей мақтаныш сезімде болатынбыз. Ерте есейіп тәртіпке үйрендік. Мектепте де «полицияның баласы» деген сөз жауапкершілік арттыратын», — деп еске алады Марлен.
Полицей болу – жай ғана форма кию емес, ол әрбір адамның тағдырына араша болу. Әрбір шақырту, әрбір шешім – сенім жүгін арқалатады. Осыны жүрекпен түсінетіндер ғана бұл мамандықты өмірлік жолына айналдырады.
«Бала кезімде бір жолы әкем түнгі кезекшіліктен таң ата шаршап келді. Бірақ шаршағанына қарамастан, бізбен бірге дастархан басында отырып, күліп әңгіме айтқанын ешқашан ұмытпаймын. Сол сәт менің жүрегімде ерекше із қалдырды. Сол бір қарапайым көрініс арқылы әкем маған – қызмет пен отбасыны қатар алып жүрудің нағыз үлгісін көрсетті. Ал өз басымнан өткен ерекше жағдай — алғаш рет жол-көлік оқиғасына куә болып, зардап шеккен адамдарға көмек көрсеткенім. Сол сәтте мен бұл мамандықты бекер таңдамағанымды, дұрыс жолда келе жатқанымды жүрегіммен сезіндім», — дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Қордай аудандық полиция бөлімінде қызмет атқаратын Марленнің де арманы – ата жолын абыроймен жалғау. Әулетінің беделін түсірмей, халық сенімін ақтау – оның басты мақсаты. Ал болашақта бұл жолды жалғайтын төртінші буын болса, оны да қолдауға дайын.
«Егер балаларымыз жүрек қалауымен осы жолды таңдаса, біз тек қуанышпен қабылдаймыз. Бірақ форма үшін емес, ел үшін қызмет етуді түсініп келсе дейміз», – дейді.
Қызмет пен отбасының арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың да жолын тапқан бұл отбасы үшін бір дастархан басында бас қосып, шүкіршілік айту – қалыптасқан дәстүр. Әулеттегі жылулық пен түсіністік – олардың ұзақ жылдық қызметтерінде де, бүгінгі бірліктерінде де көрініс тауып отыр.
Кененбай атаның ізгі жолы – Мұхит ағаның өмірлік жолына айналып, ал енді Марленге бағыт-бағдар болған. Бұл – үзілмейтін үрдіс, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ