Жамбыл облыстық және Қордай аудандық газеттерінің ардагер журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Құрманбек Әлімжан Қазақстанның Құрметті журналисті атанды.
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бұл марапат – елдегі медианың сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Қырық жылға жуық журналистика саласында аянбай тер төгіп, қалам ұшымен киелі Қордай жерінің тарихын түгендеп, аудан дамуына үлес қосқан еңбек адамдарын паш етіп жүрген қаламгердің жолы кейінгі буынға үлгі екені сөзсіз. Оның журналистика саласынан бөлек көркем публицистикалық жанрда жазылған «Киелі Қордай», «Кебекбай шешен», «Бұхар баба», «Қаламым – алтын қазынам», «Парасат биігінде» және тағы да басқа кітаптары бұған дейін де оқырман тарапынан жылы қабылданған.
Ақпарат саласындағы ерен еңбегі үшін Құрманбек Әлімжан әр жылдары «Астананың 10 жылдығы», Қазақстан Тәуелсіздігінің 20, 25, 30 жылдық мерекелік медальдарымен, Қазақстан Журналистер одағының және облыс әкімінің бірнеше Құрмет грамоталарымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ Қордай ауданы әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталып, Қордай ауданының Құрметті азаматы атанған.
Әріптесімізді марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!