СУДАҒЫ ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ

0

Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінде 2025 жылғы шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Руслан Нұрланұлы Орынбеков баяндама жасады.

Спикердің айтуынша, облыс аумағында 117-ден астам су айдыны орналасқан. Жаз мезгілінде суға шомылуға байланысты қайғылы оқиғаларға жол бермеу – басты міндеттердің бірі. Республика бойынша жыл басынан бері 33 адам суға кетіп, оның ішінде 13-і балалар болған. Ал Жамбыл облысында 2025 жылдың басынан және шомылу маусымы кезеңінде бірде-бір қайғылы жағдай тіркелген жоқ, 6 адам құтқарылды.

Полковник Орынбеков судағы қауіпсіздік тек құтқару қызметтерінің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті. Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен, полициямен және еріктілермен бірлесіп, 1000-нан астам рейдтік іс-шара ұйымдастырған. Нәтижесінде 383 ескерту және тыйым салатын белгілер орнатылып, 10 000 үгіт-насихат парақшасы таратылды. Сонымен қатар, 60 мектепте қауіпсіздік сабақтары және 60 тұрғындармен кездесу өткізілді.

Облыс аумағында суға түсуге арналған 13 ресми демалыс орны белгіленген, олардың құрамына 9 коммуналдық және 4 жекеменшік жағажай кіреді. Барлық нысандарда су түбі тазартылып, стационарлық және мобильді бақылау бекеттері қойылған.

Брифинг барысында рейдтер нәтижесінде анықталған құқықбұзушылықтар да аталды. 88 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұл сомасы 595 мың теңгеден асты.

Баспасөз мәслихатын қорытындылай келе, Департамент өкілі облыс тұрғындары мен қонақтарын суда демалған кезде барынша мұқият болуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

«Қауіпсіздік – әр адамның жеке жауапкершілігі. Тек бірлескен әрекет арқылы біз азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтай аламыз», — деді Руслан Нұрланұлы.

Жамбыл облысы ТЖД ИЖ және СКТ

Leave A Reply

Your email address will not be published.