26 маусымда Қордай аудандық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Сессияны мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Қарлығаш Қыпшақбаева жүргізді. Жиынға мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтер әкімдері, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы қатысты.
Сессия барысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Алғашқы болып «2024 жылға арналған аудандық бюджеттің орындалуы туралы» мәселе күн тәртібіне шығарылды. Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Рыскұлов баяндама жасап, түсініктеме берді. Бұдан кейін бұл мәселе бойынша мәслихаттың бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы, депутат Қатира Уәлиева өз қорытындысын ұсынды.
Күн тәртібінде сондай-ақ Қордай аудандық мәслихатының 2024 жылғы 15 наурыздағы №21-4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Бұл өзгерістер тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мен мөлшерін нақтылауға қатысты болды.
Сонымен қатар, Масаншы ауылында орналасқан Береговая көшесін Шерхан Мұртаза көшесі деп қайта атау жөнінде ұсыныс қаралды.
Барлық мәселелер бойынша жан-жақты талқылау жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданды.