САПАЛЫ ТҰҚЫМ – МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ

0

Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін құрылымдарға қажетті сорттарды ауыстырып отыру әлемдік тәжірибеде дәлелденген тәсіл. Өйткені, ондай сорттардың сапасы да жоғары, өнімі де мол болатыны бесенеден белгілі. Ал ол сорттарды тексеруден өткізіп отыратын арнайы мекемелер біздің ауданымызда да бар. Солардың бірі – Үлкен Сұлутөр ауылында орналасқан Қордай астық мемлекеттік сорт сынау бөлімшесі.

Ауыл шаруашылығы саласында жаңа өнім дайындау үшін қажырлы еңбек пен бірнеше жылдар керек. Мамандар жаңа тұқым сұрыбын шығаруда түрлі тәжірибелер жасауда. Осы ретте, Үлкен Сұлутөр ауылында орналасқан, аталмыш бөлімше үлгі алаңына айналған. Қордай мемлекеттік сорт сынау бөлімшесінің тарихы 1940 жылдан басталады. Содан бері осы 400 гектар аумақты қамтыған алқапта ауылшаруашылығына қажетті талай дақыл түрі өңірімізге жерсінді. Бұл мемлекеттік мекемені 2000 жылдан бері Қажығали Толысбаев басқаруда. Қазір мұнда күздік жұмсақ бидайдың 37 сорты, қатты бидайдың 4 сорты, тритикале бидайдың 4 сорты, жаздық бидайдың 4 сорты, жаздық арпаның 4 сорты, жалпы 50-ден астам дақыл түрі сынақтан өтуде.

Екі жыл сынақтан кейін, сапалы, жоғары өнімді, суыққа, құрғақшылыққа төзімді сорттар анықталып, аудандастыруға ұсынылады.

«Осы сорттардың ішінен егістік жерге, ауа райына, түрлі аурулар мен зиянды жәндіктерге төзімділігі, сондай-ақ сорттардың өнімділігі мен шаруашылықтарға келтіретін басқа да пайдалы қасиеттерін зерттейміз. Егер жарамсыз сорттар болса, оларды басқа сорттармен ауыстырамыз», – дейді бөлімше басшысы Қажығали Толысбаев.

Басшының мәліметінше, сынақ жүргізу барысында ауылшаруашылық дақылының өңіріміздің ауа райы, жер жағдайы, жергілікті зиянкестерге төзе білуі бақылауға алынады. Бидай мен оның өңделген өнімдері басқа дәнді дақылдардың ішінде ерекше орын алатын астық деседі. Сондай-ақ, дән ұлпасы мен ақуызы ақ нан пісіруде, макарон өндірісінде ерекше маңызға ие. Сондықтан мұндай сынақ көпті қызықтырады. Сортты өндіру үшін оларды жерсіндіру маңызды.

«Сорт сынаушылардың негізгі міндеті – ғылыми-зерттеу орталықтарынан шыққан ауылшаруашылық дақылдарының сорттарын сынау учаскелерінде жан-жақты сынақтан өткізу», – дейді Қажығали Қарақойшыұлы әңгімесін одан әрі сабақтай түсіп.

Сынақ нәтижесінде сорттар талапқа сай деп танылса, онда олар Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне енгізіледі екен.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.