АУЫЛҒА АРНАҒАН ӨМІР

0

Ауылдың әр күні – еңбекпен өрілген өмір. Таң сәріден мал қамымен тіршілікке кірісетін ауыл адамдары үшін төрт түліктің амандығы – басты байлық. Осы малдың жайын біліп, жанын ұғып, тіпті сырқаттанғанда жедел жәрдемін де көрсететін бір маман иесі бар – ол мал дәрігері. Бұл – жануар тілін білетін, табиғатпен үндес мамандық. Осындай жауапкершілігі мол кәсіпке бүкіл саналы ғұмырын арнаған жан – Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғыны Мұқан АЛТЫНБЕКОВ.

Мұқан Қасқатайұлы 1955 жылы Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Михайловка орта мектебін тәмамдаған соң, болашақ мамандығын көп ойланбай таңдаған. Себебі бала күнінен төрт түлікке, табиғатқа жақын болып өскен. Осы ниетпен Красногор совхоз техникумына «ветеринария» мамандығына түсіп, 1975 жылы оқуын аяқтайды. Дәл сол жылы өмірлік жары Айымхан Үмбетова екеуі шаңырақ көтеріп, еңбек жолын да, өмір жолын да қатар бастаған. Мұқан аға алғашқы еңбек жолын Отардағы ветеринарлық станцияда бастап, 1979 жылы Үлкен Сұлутөрге қоныс аударады. Осы ауылға қызметін арнаған азамат 40 жыл бойы Красногор мал дәрігерлік бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарады. Бұл жылдар – сансыз шақырту, күн-түн демей орындалған міндет, егіс басында, қора-қопсыда өткізілген еңбекке толы сәттер.

«Мал дәрігері болу дегеніңіз – бір күндік жұмыс емес, бұл – өмір салты. Ауру малдың көзіне қарап-ақ жағдайын аңғарасың. Жаздай жайлауда, қыстай қорада жүрген мал иелері бізге сеніп тапсырады. Сен сол сенімге сай болуға тиіссің. Біздің жұмыс – ел амандығына, халық нәсібіне тікелей әсер етеді», — дейді Мұқан аға өткенін бір шолып.

Мұқан Қасқатайұлы ауыл ішінде үлкен беделге ие. Тұрғындар оны тек білікті маман ғана емес, сабырлы, артық сөзі жоқ, істің адамы ретінде бағалайды. Жайылымда мал жоғалса да, туған бұзауға екпе керек болса да, кімнің малы ауырып қалса да – бәрі бір ғана есімді атайды: «Мұқан ағаға хабар бер!».

Мұқан аға ветеринария саласында басшылық еткен білікті ұйымдастырушы. Ауылдағы ветеринарлық қызметтің үздіксіз жүруін қамтамасыз етіп отырды. Ал жары Айымхан апай 1979 жылдан бастап ауылдық амбулаторияда медбике болып қызмет етіп келеді. Жұбайлардың екеуі де денсаулық сақтау саласында – бірі малдың, бірі адамның қамын жасап, өмір бойы ауылға қалтқысыз еңбек етіп келеді.

2018 жылы зейнетке шыққанымен, Мұқан аға қол қусырып қарап отырмады. Үй іргесіндегі жерге 60 түп апорт сортты алма ағашын отырғызып, бүгінде жемісін теріп отыр. Қазір оның шағын бау-бақшасында алмадан бөлек өрік, шие, алмұрт ағаштары да жайқалып тұр.

Алтынбековтер әулеті – бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, бүгінде 9 немеренің қызығына бөленіп отыр. «Еңбектің наны тәтті» деген нақылды өмірімен дәлелдеп жүрген отбасы. Кейіпкеріміздің қарапайым еңбегі мен адал қызметі – елдің ертеңі үшін қаланған берік негіз. Осындай азаматтардың тағдыры, еңбек жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Суретте Красногор ауданының мал дәрігерлері (1975 жыл) Отар станциясы: Б.Күмісбеков, М.Тұңғатаров, М.Алтынбеков, Қ.Тобышақов, Ш.Бектұрсынов, А.Абулов, Қ.Спанов, Д.Тілемісов, К.Вейцель, М.Оспанов, Б.Құттықов, Б.Байтөленов, Красногор ауданының бас мал дәрігері С.Айдынбаев, Красногор ауданы ауылшаруашылық басқармасының басшысы Б.Айманбетов, Красногор ауданының екінші хатшысы А.Гранкин.

Leave A Reply

Your email address will not be published.