Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз алаңында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Айдар Бірімқұлов 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Спикер округтің негізгі бағыттардағы жетістіктері мен алда тұрған міндеттеріне тоқталып, журналистер мен әлеуметтік желі көрермендерінің сауалдарына жауап берді.
Ауыл шаруашылығы – округ экономикасының негізгі тірегі. Бүгінде округте жалпы саны 110 шаруа қожалығы тіркелген. Оның ішінде 105-і Жаңатұрмыста, 5-еуі Жамбыл ауылында орналасқан. Мал шаруашылығымен 10 қожалық шұғылданады. Шаруа қожалықтарына тиесілі жалпы жер көлемі 24 160 гектардан асады. Оның ішінде жайылым жерлері – 18355 га, егістік жер – 5758 га, суармалы – 849,1га құрайды.
Жоспарға сәйкес көктемгі егіс жұмыстары уақытылы орындалған. Жалпы көлемі 5758 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Атап айтқанда, бидай – 600 га, Арпа –2123,64 га, Жүгері– 400 га, Жоңышқа және 1 жылдық шөп –2569,42 га, көкөніс – 115 гектарға себілген.
Ветеринария саласы да округте тұрақты назарда. Қазіргі таңда мүйізді ірі қара – 3608, ұсақ мал – 20 594, жылқы – 642 бас, ал үй құстары – 5408 басты құрайды. Жыл басынан бері қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары да ұйымдастырылып, 52 ит жойылды.
Жамбылда инфрақұрылымдық даму да назардан тыс қалмаған. Соңғы бес жыл ішінде округтегі 29 көшенің 27-сі орташа жөндеуден өтіп, ауылішілік жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 94 пайызға жеткен. Жамбыл ауылындағы Жетісу көшесі бұған дейін жөндеуден өткізілген болса, Жаңатұрмыстағы Қабылбек көшесі бұрынғы жабындысымен тұр. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, жол күтіміне қажетті қаражат бөлініп, ой-шұңқырларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, барлық көшелерге жол белгілері орнатылатын болады.
Бұдан бөлек көше жарығы мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Бүгінде 29 көшенің 11-і жарықтандырылған. Жамбыл ауылындағы Желтоқсан, Жамбыл, Е.Ахмади және Сарыарқа көшелерінде жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Жаңатұрмыс ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар 2,1 шақырым жолға да жарық шамдары орнатылды. Осылайша округ бойынша жарықтандыру деңгейі 51,7 пайызға жетіп отыр.
Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Көктемгі екі айлық санитарлық тазалық аясында барлық жұмыс жоспарына сай атқарылған.
Округтегі тұрғындарды табиғи газбен қамту деңгейі де жоғары көрсеткіште. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 90,5 пайызды құрап отыр. Жамбыл ауылындағы 751 үйдің 662-сі көгілдір отынға қосылған, ал Жаңатұрмыстағы 300 үйдің 290-ы газбен қамтылған. Газ тарту жұмыстарын екі жеке мекеме жүргізген.
Округтегі ауыз су мәселесі де бақылауда. Жамбыл ауылында 756 үйдің барлығы орталық су жүйесіне қосылған, оның 643-і есептегіш құралмен қамтылса, 113-і онсыз пайдалануда. Ал Жаңатұрмыста 302 үйдің 153-і есептегішпен, 149-ы есептегішсіз абонент ретінде тіркелген. Бұл ауылда су күніне сегіз сағат беріледі. Сонымен қатар, құдықтардың люктерін ауыстыру мен қоғамдық құдықтарға қатысты жұмыстарға да тиісті қаражат бөлініп, іс жүзінде атқарылған.
Айдар Бекмұхамбетұлы брифинг барысында ауылдық округте әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша да оң нәтижелер барын жеткізді. Айтуынша, биылғы жылы 12 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 4 адамға бір реттік көмек көрсетілген. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 2 жас маман жұмысқа орналастырылып, ақылы қоғамдық жұмысқа 28 азамат тартылған. Тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны – 67. Сонымен қатар, қайтарымсыз гранттар 2 тұрғынға берілді.
Спорт пен дене шынықтыру бағытында ауыл мектептеріндегі үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. Жамбыл және Жаңатұрмыс ауылдарындағы балалар ойын алаңшалары мен көше жаттығу құрылғылары ағымдағы жөндеуден өтті.
Округте қайырымдылық жұмыстары да жалғасын табуда. Жыл басынан бері демеушілер есебінен 26 отбасыға 787 мың теңгеден астам көмек көрсетілген. Сонымен қатар, аудандық комиссияның ұйытқы болуымен Масаншы жастары Жамбыл ауылындағы жалғызбасты анаға үй алып берген.
«Жомарт түлек» жобасы аясында Жаңатұрмыстағы мешіт қоршалып, меценаттардың қолдауымен асхана салынып, халық игілігіне берілді.
Қорытындылай келе, Жамбыл ауылдық округінде ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау мен қоғамдық бастамалар қатар дамып келеді. Бүгінгі атқарылған жұмыс – ертеңгі тұрақтылықтың кепілі. Ал алда тұрған міндет – осы қарқынды бәсеңдетпей, халық игілігі жолында жүйелі жұмыстарды жалғастыру.
Сәуле Мұхадинқызы