Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің II көпсалалы эндохирургиялық конгресі өтті. Бұл – заманауи хирургияның даму бағытын айқындайтын, медициналық ғылым мен тәжірибе тоғысқан ең беделді халықаралық алаңдардың бірі. Конгресс жұмысына Орталық Азия, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия және басқа да елдердің озық мамандары қатысты.
Жамбыл облысының атынан осы беделді жиынға Қордай аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Жақсымбаев қатысып, кәсіби өсу мен тәжірибе алмасудың бірегей мүмкіндігіне ие болды.
Конгресс аясында ұйымдастырылған шеберлік сабақтары мен «жанды хирургия» форматындағы операциялық көрсетілімдер, герниология, бариатрия, урология, эндокриндік және абдоминалды хирургия бағыттарындағы баяндамалар – бәрі де бүгінгі хирургия ғылымының қандай деңгейде тұрғанын айқын көрсетті. Нұрлан Бұлантайұлы әлемдік деңгейдегі жетекші хирургтардың тәжірибесімен танысып, лапароскопиялық араласулардың қауіпсіздігі, операциядан кейінгі кезеңді басқару, күрделі клиникалық жағдайлардағы командалық тәсіл секілді маңызды тақырыптар бойынша мол мағлұмат алды.
Халықаралық форумға қатысу – бұл тек кәсіби тәжірибені шыңдау ғана емес, сондай-ақ аймақтық медицинада жаңа технологиялар мен әдістемелерді енгізуге жасалған сенімді қадам. Бұл – ауыл мен қала арасындағы медициналық алшақтықты қысқартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.