Қордай ауданында елді мекендерді газдандыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатқаны белгілі. Президенттің тікелей тапсырмасымен қолға алынған жобаның нәтижесі бүгінде көрініп-ақ тұр. Жоспарға сай белгіленген ауылдарға газ құбырлары тартылып, ендігі кезекте үйлерді газға қосу мәселесі шешілмек.
Осы орайда газдандыру жұмысы төңірегіндегі түйткілдерді шешу мақсатында Отар және Сортөбе ауылдарында арнайы құрылған штаб отырысы өтіп, абоненттерді табиғи газға қосу мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұ.Жазылбек, аудан әкімінің орынбасары Е.Мендекеев, ауылдық округ әкімдері, монтаждау және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Айта кетсек, газға қосылудың құны 350 мың теңге. Бұл тұрғындар тарапынан төленетін қаражат. Сондықтан басшылық тарапынан жеңілдіктер қарастырылып, төлемді бөліп төлеуге болады. Дегенмен, тұрғындар келісімшарт түзіп, қосылу құнын төлеуге асығар емес. Осыған байланысты штаб отырысында ауылдық округ әкімдеріне ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Естеріңізге сала кетсек, Отар, Гвардейский, Кенен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Алға, Көгадыр, Мұзбел, Соғанды, Аңырақай және Бел ауылдары толықтай газдандырылды. Сонымен қатар, Қаракемер, Өтеген, Қарасу, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2, Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдарына да магистральды газ құбыры тартылды.
Нәтижесінде Қордай ауданының 94,8 процент тұрғыны (146612 адам) газбен қамтамасыз етіліп, газдандырылған елді мекендер саны 34-ке жетті. Осы ретте, Гвардейский қалашығының 21800 тұрғыны газбен қамтылатынын айта кеткен жөн.