Еліміздің экономикалық тұрақтылығын қалыптастыруда ішкі өндірісті ұлғайту – Үкіметтің басты назарындағы мәселенің бірі. Олай болса, біздегі азық-түлік қорының 90%-ын құрайтын тамақ өнеркәсібінің негізгі шикізат көзін ауылшаруашылық саласы қамтамасыз етіп отыр. Соңғы уақытта мал өсірген қазақ үшін негізгі тағамға айналған сүт өнімі төңірегіндегі әңгіме бүгінгі күн тәртібінен түсер емес. Ауқатты ауылының тұрғыны Минаркүл Базарқұлова 70 бас ірі қара сиыр мен бұзауды пайдаланып, өзінің фермерлік шаруашылығын табысты жүргізіп, сүт өнімдерін дүкендерге өткізеді.
Минаркүл Бейқұтқызы еңбекқорлығымен, табандылығымен таңғалдыратын жан. Зейнетке шықса да, қолын бір сілтеп, жайбарақат өмір сүруді қаламаған ол, әлі де сиыр сауып, сүт өнімдерін өндірумен айналысып келеді.
Минаркүл апаның еңбек жолы ерте басталған. 17 жасында мектеп бітіре сала «Трудовик» колхозында сауыншы болып қызметке тұрған ол, сол кезден бастап мал шаруашылығына деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Тұрмысқа 17 жасында өзінің сыныптасына шыққан ол бес баланың анасы атанды. Өмірдің қиындықтарына мойымай, 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір 20 немересінің сүйікті әжесі.
Колхоз тарағаннан кейін, Минаркүл апа жаңа мүмкіндіктер іздеуге бел буады. 2010 жылы небәрі 5 сиыр сатып алып, шағын кәсібін бастайды. Алғашқы қиындықтарға қарамастан, талмай еңбектенуінің арқасында сиыр санын 100-ге жеткізеді.
Бүгінде Минаркүл апаның шаруашылығында бұзауларымен қоса 70 бас сиыр бар. Олардан күніне 100 литр сүт сауып, 8 литрге жуық қаймақ, кілегей, 10 кг-дай сүзбе, құрт жасайды. Өнімдерін 4 дүкенге тапсырады, сонымен қатар үйінен де сатып алушылар келіп тұрады.
«Бәрімізге де азық-түлік қажет, оларды әдетте дүкендерден сатып аламыз. Қала тұрғындарының аз бөлігі жаңа піскен көкөністерді тікелей бақшадан және сүтті тікелей сиырдан ала алады. Менің ауылдастарымның жаңа, экологиялық таза сүт өнімдерін алуға мүмкіндіктері бар», — дейді кәсіпкер.
Минаркүл апа жалғыз емес. Оған тұңғыш ұлы көмектеседі. Екеуі заманауи аппаратпен сиыр сауады. Шаруашылықта бір орыс жұмысшы, малшы және қораны тазалап, жинап жүретін туыс әйел де бар. Жұмыс күні таңғы сағат 4-те басталып, кешкі 7-де аяқталады.
«Сиырға тоқтай тұр деп айта алмайсың. Үнемі жұмыс режімінде болу керек. Кейде ас үйде түнгі сағат екіге дейін тымбай еңбек етуге тура келеді, содан соң таңғы төртте тұрып, сиыр сауып, оны жайылымға жіберу керек. Алайда бұл маған ауыртпалық түсірмейді. Клиенттерден кері байланыс алған кезде бойыма күш сіңіп, адамдардың шын ниеттерімен өнімдерім үшін алғыс естіген кезде қуаттанып қаламын», — дейді Минаркүл апа.
Минаркүл апаның өнімдерінің дәмі тіл үйіртеді. Сатып алушылар оның сүт өнімдерін үнемі мақтап, сапасына ризашылықтарын білдіреді. Олардың айтуынша, Минаркүл апаның қолынан шыққан сүт, қаймақ, құрттың дәмі ерекше.
«Біз Минар апаның өз қолымен жасайтын сүт өнімдерін отбасымызбен сүйсініп жейміз. Олар өте дәмді, әрқашан балғын, ең бастысы табиғи», — дейді сатып алушылардың бірі.
Минаркүл Бейқұтқызы еңбекқорлықтың, табандылықтың және өз ісіне деген сүйіспеншіліктің нағыз үлгісі. Ол – ауылдың мақтанышы, жастарға үлгі. Оның өмірі – ешқашан кеш емес екенін, әрқашан жаңа бастамаларға жол ашық екенін дәлелдейді.
Мадина УЗБЕКОВА