Биыл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атанғанына 30 жыл толады. Осындай қас қағым сәтте еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді. Әсіресе, мемлекетіміз үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үлкен сынақ болды. Бір кездері дүркіреген колхоз-совхоздар құрдымға кетті. Дейтұрғанымен, уақыт өте заман өзгеріп, үлкенді-кішілі шаруашылықтар бой түзеді…
Тоқсаныншы жылдардағы жерлерді бөліп, жаңа агроқұрылымдар құру үрдісі қазіргі Ноғайбай ауылында да жүріп жатты. Дағдарыс заманында диқаншылықты қолға алған шаруалардың бірі Серікжан Саяқов болды. 1951 жылы туған азамат 1996 жылы 45 жаста еді. Артында ауыл шаруашылық саласында біршама тәжірибесі бар Серікжан аға «Әсел» атты шаруа қожалығын құрды. Өзіне тиесілі егістікке егін егіп, нәпақасын Жер-Анадан көруді мақсат тұтты.
-Расында, тоқсаныншы жылдардың басында ауылдағы өмір қиындап кеткен еді. Жұмыс жоқ, кешегі ұжымшарлар тарады. Алғашында 30 гектар жерім болды. Бірақ ешқандай техникам болған жоқ. Бұл аз болса дәнді дақылды жинайтын орын да, тіпті жанармай да тапшы еді. Арпа-бидайдың бағасы арзан, өнімнен көп пайда да көрмейсің. Десе де, еңбектің арқасында барлық қиындықтарды еңсердік. Еліміз аяғына нық тұра бастағанда біздердің де жағдайымыз ақырындап түзеле бастады. Лизингіге техника алып, жұмысты оңтайландырдық, — дейді Серікжан Саяқов.
Бүгінде «Әсел» шаруа қожалығының 300 гектар тәлімі жері бар. Оның 100 гектарына бидай, 100 гектарына арпа егілсе, 100 гектары егіс айналымына сай парға жыртылған. Шаруашылықтың материалдық базасы да жаман емес. Үш «МТЗ» тракторы, «Енисей» комбайны, 2 жүк көлігі және дән сепкіш, соқа сынды қажетті техникалары бар. Дәнді дақылдарды жинайтын 550 тонналық қоймасы мен 30 бас ірі қараға арналған қорасы да тұр. Қазіргі таңда агроқұрылымда тұрақты түрде 5 адам жұмыс істесе, егін ору науқаны кезінде іске тағы да жалдамалы жұмысшылар тартылады.
Серік ағаның жанында жүріп, қандай жұмыс болса да тартынбайтын Нұрбол Әлімбаев есімді жұмысшысы бар. Жас жігіттің жасы небәрі 25-те болғанымен қолға алған ісіне тыңғылықты.
— Жас та болса еңбекқор, талапты жігіт. Тракторды да айдайды, жұмысқа қажетті барлық керек-жарақты әкеліп, қамтып отырған осы Нұрбол, — дейді шаруа қожалығының басшысы.
Өмір бойы еңбектен қол үзбеген Серікжан Саяқов үйде болғанда да тыным таппай бақшасынан шықпайды. Қолынан кетпені түспейтін ол 10 сотық жерге қияр, қызанақ, бұрыш сынды дақыл отырғызып, бақшасын күтіп, суарып жүр. Оны нағыз еңбек адамы деп айтуға болады. Жан жары Гүлдара Иембердиева екеуі 2 ұл, 1 қыз өсіріп, олардан немере сүйіп отырған жайы бар. Ұлының бірі Ғабит Саяқов бүгінде аудандық салық басқармасы басшысының орынбасары.
Е.Қатбеков