Өнегелі еңбек жолымен бүгінде ел құрметіне ие болып жүрген Бақберген Орыналиннің есімі аудан халқына етене таныс. Оның өмір жолы еліміздің тәуелсіздік алып, өсіп-өркендеу кезеңімен тығыз байланысты. Өмір бойы елге қызмет етіп, өңіріміздің өркендеуіне, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан. Бүгінде жасы жетпістен асса да жинаған мол тәжірибесімен бөлісіп, ауылдың ақылшысына айналған жан.
Бақберген ақсақал 1949 жылы қазіргі Шарбақты ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Ауылдан аққан өзенге түсіп, таудың таза самалын жұтып өскен ол бала кезінен еңбекке бейімделеді. Әкесіз өскен балақай жастайынан үйдегі барлық шаруаны өзі атқарудан басқа амалы болмады. Содан болар әлі күнге ширақ қимылдап, қол қусырып отыра алмайды. Ауыл мектебінде сегіз жылдық білім алғаннан кейін өзге балалар секілді оқуын қалада жалғастыра алмай, сол кездегі Красногор ауылындағы СПТУ-ға түсті. Онда механизатор мамандығын меңгеріп шығады. Туып өскен ауылына маман болып оралған ол, 1965 жылдан бастап еңбекке араласады. Ал, 1968-1970 жылдары аралығында Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Әскерден оралғаннан кейін де ауылда шаруашылықпен айналысады. Егістік басында табанды еңбек етеді. Жас болса да осы саланың қыр-сырын жетік меңгереді. Колхоздың комбайнын айдап, егін алқабында атқарған еңбегі үшін 1975 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Осы жылдан бастап Бақберген ақсақал бұл саладан бөлек ел ішіндегі қоғамдық жұмыстарға араласып, ауыл мәселелерін мінберде көтеретін ауылдық округ депутаты болып сайланады. Халық қалаулысы қызметінде ол көптеген түйіткілді мәселелердің түйінін табуда табандылық танытып, соның арқасында облыс депутатына дейін жетеді. Ал, ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістігінің арқасында Мәскеу, Киев сынды қалаларда болады. 1980 жылы облыс басшылығының Алғыс хатына ие болады.
Сондай-ақ, сол кездегі әрбіреудің кеудесіне тағыла бермейтін «Еңбек Қызыл Ту» орденін алады. Совет өкіметі ыдырап, еліміз егемендігін алған жылдары да Бақберген Орыналин ел ішіндегі қызметтерге араласады. Колхоз тарап, шаруашылықтар жекеменшікке айналған уағында Бақберген қария өзінің жеке шаруа қожалығын құрады. Содан өзінің жинаған тәжірибесінің арқасында шаруа қожалығын дөңгелетіп, егіншілікпен айналысады. Бүгінде сол «Ақбөпе» шаруа қожалығы әлі де жұмысын жалғастырып, ондағы барлық тірлік ұлына жүктелген. Дейтұрғанымен, Бақберген ақсақал әрбір істің басы қасында жүріп, ақыл кеңестерін айтады. Егемендік алған жылдары ауданның өсіп, өркендеуіне сүбелі үлес қосады. Аудандық мәслихаттың бірінші шақырылымының депутаты болып, көптеген мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Сонау 1965 жылдан басталған қажырлы еңбегінің арқасында кейіпкерімізге басшылық тарапынан екі автокөлік сыйға тартылған. Құдай қосқан жары Нұрке әжей екеуі бүгінде төрт қыз, бір ұлдан 12 немере сүйіп отыр. Қазіргі таңда кейіпкеріміздің ендігі қызметі немерелерді балабақшаға апарып, әкелу. Техниканы бес саусағындай білетін қариядан ауыл адамдары әлі де ақыл кеңестерін сұрап келеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы қажырлы еңбегі мен дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін ҚР ауылшаруашылығы министрінің Алғыс хатына ие болған. Сондай-ақ, облысқа сіңірген еңбегі үшін медалін де алған.
— Осының барлығы жастайымнан еңбекке араласқанымның жемісі болар. Ауыл жұрты ақсақал деп сыйлап тұрады. Өзім де әлі күнге қолдан келгенше сұрағанға көмек көрсетуге тырысамын. Жаныңдағы адамға көмектесу бала кезден санама сіңген қасиет. Шаруашылық басында жүрген жандарға білгенімді үйретіп, бұзылған техникаларының жөнделуіне жәрдемдесіп тұрамын, — дейді бүгінде 74 жасқа келген ауданның Құрметті азаматы Бақберген Орыналин.
Мадияр Қарабаев