Тәжірибелі агроном Константин Эм басқаратын агроқұрылым бүгінде құлпынай жинау жұмыстарын мықтап қолға алған. Шаруашылық 13 тонна табиғи таза өнім жинап, бұл жұмысқа 65 адам тартылған.
Былтыр 5 гектардан 50 тонна өнім алынса, биыл құлпынай өсірілетін алқап 11 гектарға жетіп, 60 тоннаға дейін өнім жинау жос-парлануда.
Ал, алынған өнімнің басым бөлігі ірі қалаларға жөнелтілген.
Адам ағзасына зиянды химиялық қоспасы жоқ құлпынай табиғи жағдайда өсірілген таза өнім болып табылады. Мұнымен қоса, агроқұрылым ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайту және егіс алқаптарын әртараптандыру ісіне айтарлықтай үлесін қосып келеді. Шаруашылық әрі қарай құлпынай өндірісін одан әрі ұлғайтып, өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, алдағы уақытта тамшылатып суғару әдісін енгізуді жоспарлап отырған агроқұрылым жеміс-жидек пен көкөніс өсіруді қолға алмақ.
Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінде өткен жиын барысында ауылшаруашылық брендтерін қалыптастыру идеясына тоқталған болатын.
«Бізде таңқурай, құлпынай, пияз, сарымсақ, алма өсіруге қолайлы жағдай бар. Балық шаруашылығы мен бал өндірісін ұлғайтуға да мүмкіндік жеткілікті. Бұл аймақ экономикасын нығайтуға ықпал етеді. Болашақта біздің өнім шетелдерге де шығуы керек. Мақсатымыз – импортты азайту, экспортты арттыру», — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.