Қордай аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбында жиын өтті. Оған Қордай ауданы прокурорының міндетін атқарушы Сайн Сағындықов, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық полиция және білім бөлімдерінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жетігенов те сөз алып, аудандағы криминогендік ахуалға тоқталды.
– Жыл басынан құқық бұзушылықтарды алдын алу, заңдылықты қамтамасыз ету бағыттарында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды, алайда, аудан аумағындағы криминогендік ахуал және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары айтарлықтай дәрежеде емес. Профилактикалық жұмыстардың жеткіліксіздігі салдарынан қылмыстардың тіркелуі күннен күнге өсім алуда, — деді ол.
Аудан прокурорының орынбасары криминогендік ахуалды жақсарту үшін «Қауіпсіз Қордай» жобасына аудан әкімдігі мен полиция бөлімінің барынша назар аударуы қажеттігін атап өтті.
«Жол-көлік оқиғалары да азаймай тұр. Интернет-алаяқтық деректері де күрт өскен. Жалпы алаяқтық қылмыстары 71%-ға (31-ден 53-ке) артса, интернет арқылы жасалған қылмыстар 475%-ға (4-тен 23-ке) көбейген», — деген Мақсат Жетігенов бұл бағытта жүргізілетін түсіндіру және ескерту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілмей жатқандығын сынады.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар да алаңдатарлық екендігін айтып, бұл бағыттағы профилактикалық шараларды күшейту қажеттігін жеткізді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, ауданда атқарылып жатқан алдын алу шаралары туралы баяндады.
– Қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ауданда қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, оны болдырмау үшін барлық құқық қорғау және құзырлы мекемелермен бірлесе тиісті шаралар қабылданып келеді, — деді ол.
Баяндамашының деректеріне сүйенсек, биылғы жылдың жеті айында аудан аумағында 210 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 134-і өндіріспен аяқталған, қылмыстың ашылу деңгейі 69,6%-ды құраған.
Сондай-ақ, ауыр қылмыстар, аса ауыр қылмыстар және орта дәрежедегі қылмыстар саны артқаны айтылды. Дегенмен, жиын барысында бұл көрсеткіштерді төмендету үшін нақты іс-шаралар жоспары қабылданып, жүйелі жұмыс жалғасып жатқаны атап өтілді.
Аудандық полиция бөлімі қылмыстың алдын алу бағытында 10 бағытты қамтитын жоспарды бекітіп, оны кезең-кезеңімен іске асыруда. Сонымен қатар, 2028 жылға дейінгі 25 бағыттан тұратын нысаналы индикаторлар және 2025 жылға арналған «Қауіпсіз Қордай» жобасының іс-шаралар жоспары қабылданып, мәслихатпен бекітілді.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау бағытында да біраз жұмыстар атқарылған. Мәселен, жыл басынан бері комиссия қатысуымен 22 форум мен 7 кездесу өткізілді. Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 265 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, тақырыптық 5 бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерде таратылды.
Баяндамашы сондай-ақ пробация есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру мекемесінен босатылған тұлғалармен жүргізілетін жұмыс, жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары жөніне де тоқталды.
– Биыл 7 айда аудан аумағында 143 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиғалар салдарынан 18 адам қаза тауып, 255 адам жарақат алды. Көлік апаттарының көбі республикалық маңызы бар автожолдарда орын алады. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр: 3 комиссия отырысы өтті, БАҚ-та 21 мақала, әлеуметтік желілерде 28 жазба жарияланды. Сондай-ақ апат жиі болатын учаскелерде 6 баннер орнатылып, малдың бейнесі бейнеленген 6 муляж жасатуға тапсырыс берілді, — деді Дамира Сүгірбай.
Оның айтуынша, биыл 24,5 шақырым ауылішілік көше жолдары жөнделіп, 18 200 шаршы метр жолдағы шұңқырлар жамалуда.
Қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жағдайды жақсартуға қатысты нақты ұсыныстар мәжіліс хаттамасының жобасына енгізіліп, оны қолдау сұралды.
Сондай-ақ жиын барысында аудандық полиция бөлімі мен аудандық білім бөлімі өкілдері өз салалары бойынша қосымша ақпарат берді.
Жиынды қорытындылаған аудан прокурорының орынбасары Сайн Сағындықов қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жалғастыруды, мекемелер арасындағы үйлесімді жұмысты күшейтуді тапсырды.