ҚҰПИЯ МЕН СЫРҒА ТОЛЫ ҚОРДАЙ ЖЕРІ

0

Адамның ішкі дүниесін байытатын — саяхат екені сөзсіз. Бұл шындық. Таныс, үйреншікті жерден уақытша алыстау — көзқарасыңды кеңейтіп, жаңа әсерлерге жол ашады. Шет елдерге сапар шегу әркімнің қолынан келе бермейді. Бірақ баламасы — өз туған өлкемізді тану. Бұрын тек естіген жерлерге барып, оларды көзбен көру ерекше әсер берері сөзсіз.

Қазақстан картасында әр тасы тарихтан сыр шертетін, сайын даласын жел тербеткен, аңыздары әлі күнге дейін айтылып жүрген қасиетті мекендер бар. Солардың бірі әрине, туған жеріміз — Қордай.

Мұнда сақ, ғұн, түркі қағанаттарының жаңғырығы естіледі. Қазақ халқының тағдырын өзгерткен ұлы шайқас — Аңырақай соғысы — ел есінде ерекше орын алады.

Дегенмен де, Қордай даласы әлі де ашылмаған сыр мен жұмбаққа толы. Бұл — әлі ешкім толық оқып бітпеген көне кітаптың беттеріндей.

Сіздерді «Қордай шамшырағы» жобасы аясындағы «Беймәлім Қордай» атты экспедициясын ұсынамыз. Бұл — жай ғана тарихи баяндама емес. Бұл — табиғатқа, дала мен орманға, ондағы тіршілік иелеріне — кіп-кішкентай қоңыздан бастап, қыран бүркітке дейін, жасыл шөп пен ғасырлық ағашқа дейін тағзым.

Қордай орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мамандарымен бірге біз тарих пен табиғат біте қайнасып жатқан мекендерге сапар шектік.

АҢЫРАҚАЙ ДАЛАСЫНЫҢ ЖҮРЕГІНЕ САПАР

Сапарымыз оңай болды деп айту қиын. Тау асулары, тасты соқпақтар, тік өрлер мен құлама еңістер. Бірақ әр бұрылыстан көз тартар көріністер ашылып отырды.

Алғашқы аялдамамыз — «Рай-Сай» өрт сөндіру бекеті болды. Мұнда біз дала мен орманды тілсіз жау — оттан қорғап жүрген мамандармен таныстық. Олар негізі нағыз табиғат жанашырлары екенні осы жерде ерекше атап өткіміз келеді.

Біздің жолсерігіміз — Мырзабек Қарыбаев. Ол орман мен жабайы табиғатты қорғауға жиырма жылға жуық өмірін арнаған. Осынжағы әр соқпақ пен бұдыр, белестерді жақсы біледі. Кондиционері жоқ қызметтік көлікпен бұралаң жолда жүру оңай емес, бірақ Мырзабек Сарсекеұлымен болған қызықты әңгіме барлық жайсыздықты ұмыттырды.

Жол бойы біз бірнеше «Қарақұйрық» жануарына жолықтық — қорықпай, кейде көлікке қарсы жүгіріп шығатын қызық жануарлар. Бұрын белгілі болған «Рай-Сай» қоршауын артта қалдырып, біз аудан орталығынан 180 шақырым қашықтықтағы Сарыжазық аңғарындағы үшінші өртке қарсы постқа жеттік.

Мұнда, 14 метрлік мұнараның басынан орманшылар әр екі сағат сайын 184 286 гектар орман қорын бақылап отырады. Олар тек өртке ғана емес, заңсыз аңшылыққа да қарсы күрес жүргізеді.

Осы жерде қырықшылар 6 гектар жерге сексеуіл ағаштарын отырғызған екен. Қатаң климат бұл ағаштарға бой тіктеуге мүмкіндік береді деген үміт бар. Бұл бастама — экожүйені сақтауға жасалған маңызды қадам екені анық.

ҚЫРҒЫЗКӨЛДІ ТҰТҚЫНДАР САЛҒАН БА?

Экспедициямыздың басты мақсаты — ерекше көлді көру еді. Қордай ауданы аумағында осындай су қоймасы бар екенін аудан тұрғындарының көбісі білмейтін болып шықты. Бірнеше сағат жол жүріп, көз ұшында жылтырап жатқан су беті көрінді.

60-жылдары бұл жердің бір бөлігі көрші Қырғызстанға жалға берілген екен. Сол себепті көл «Қырғызкөл» деп аталып кеткен. Табиғаты таңғаларлық: бұлттар суға тиіп тұрғандай, ал көл жағасында тұрған ескі шамшырақ көрініске ерекше тылсымдық сыйлайды. Толқындар жартасты соғып, жағада көбік пайда болады, құдды бір теңіз жағасындағыдай әсер аласың. Айтпақшы, суы шынымен де тұзды, тереңдігі 20 метрден асады екен.

Бұл көл — шөл даланың ортасындағы нағыз оазис. Бірақ заңды сұрақ туындайды: үнемі желі аңырап тұратын иен далада бұл су қоймасы не үшін қажет болды?

Кейбір деректер бойынша, ол Ақсүйек ауылына техникалық су жеткізу үшін жасалған. Ауыл көлден 60 шақырымдай жерде орналасқан.

Алайда біз архивтен ресми құжат таба алмадық. Бірақ ауызша әңгімелер таңғаларлық әрі мұңды тарихты баяндайды. Көл маңындағы су қоймасы кезінде түрме тұтқындарының қолымен салынған деген сөз бар. Сол тұтқындар ұсталған ғимараттар әлі күнге темір терезесіндегі темір торларымен тұр. Ол турасында ресми деректер жоқ. Жартылай құлаған қабырғалар, тот басқан торлар мен тас қараңғы камералар — үзілген үміттер мен сынған тағдырлардың үнсіз куәгері. Кеңестік репрессия жылдарында саяси айып тағылған адамдар осы жерде отырған деген де сөз бар. Бұл рас болса, бұл даланы кімнің зары мен үміті шарлап жүр екен?..

Тағы бір болжам — бұл жер бұрынғы «колония-поселение» болған. Бүгінде одан тек қиранды ғана қалған. Көлден сәл қашықтықта түрме бастығы тұрған үйдің іргетасы, асхана мен моншаның қалдықтары көзге шалынады.

Бұл ұмыт қалған мекен аңыз бен жұмбаққа толы. Балықшылар түсініксіз дыбыстар мен елес секілді құбылыстар жайлы айтып, әсіресе бұл жерге алғаш келгендерді қорқытуды дәстүрге айналдырған. Дегенмен, бұл жердің шынайы тарихы бір күні анықталады деген үміт бар. Бұл маңда кімдер отырды? Олар туған жерге орала алды ма? Белгісіз.

Қайтар жолда үнсіз отырдық. Бұл үнсіздік шаршаудан емес, ой үстінде болғаннан еді. Біз бұл сапардан бір әсер алуға келіп едік, бірақ мүлде басқа күйде оралдық.

Сұрақ көп, жауап аз. 200 шақырымдық жол бізге мүлде басқа Қордайды ашты — өркениеттен алыс, өзгеше түске боялған, өзіндік үнсіздігі мен сыры бар әлем. Бұл — танып-білуге тұрарлық дүние.

Бір ғана тұжырым, Қордай ауданының тарихында әлі де болса бәймәлім тұстар көп.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.