Қазіргі таңда медицина саласындағы басты міндеттердің бірі – ауыр хәлдегі науқастарға сапалы көмек көрсету және күтімді жеңілдететін тиімді жағдай жасау. Осы орайда жуырда ауданық орталық ауруханасының жансақтау бөлімшесі құнды демеушілік көмектің игілігін көрді.
Бөлімше қажеттілігіне орай үш заманауи мүгедектер арбасы мен көпфункционалды реанимациялық төсек табысталды. Бұл медициналық жабдықтар дәрігерлер мен мейіргерлердің күнделікті қызметіне қосымша мүмкіндік беріп, ауыр жағдайда жатқан науқастарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға елеулі үлес қосуда.
– Бұл – тек медициналық құрал-жабдық қана емес, бұл – науқастар үшін тыныштық пен қауіпсіздіктің, ал медицина қызметкерлері үшін сенімділіктің кепілі. Заманауи төсек пен арбалар ауыр хәлдегі пациенттерді тасымалдау мен күтуді айтарлықтай жеңілдетеді, – дейді медициналық ұйым өкілдері.
Мекеме ұжымы бұл игі істің артында тұрған жүрегі кең, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін азаматтарға ерекше ризашылығын білдіруде. Демеушілер тарапынан көрсетілген қамқорлық – тек материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар адам өміріне деген жанашырлықтың, ізгілік пен үміттің нышаны екені атап өтілді.
Айта кетейік, бұл қолдау денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік әріптестіктің айқын көрінісі ретінде бағалануда. Медициналық ұйым ұжымы алдағы уақытта да осындай қайырымды істер жалғасын табатынына сенім білдіріп отыр.