Жеке кәсіпкерлерге МӘМС жарналарын тұрақты түрде төлеу маңызды. Өйткені бұл олардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесін сақтауға және сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2025 жылы жарналарды қалай дұрыс әрі ыңғайлы төлеуге болатынын түсіндірді.
Қанша және қалай төлеу керек?
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар басқа да әлеуметтік төлемдермен қатар МӘМС-ке белгіленген жарна төлейді – бұл 2025 жылы ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы, яғни 5 950 теңге.
Егер кәсіпкер жалдамалы жұмысшыларды ұстаса, олар үшін де қосымша төлем жасалуы тиіс:
Жұмыс беруші есебінен – жұмыскер табысының 3%-ы (максимум 25 500 теңге),
Жұмыскер табысынан – 2% (ең көбі 17 000 теңге).
Егер жеке кәсіпкер бір мезгілде жалдамалы жұмыста да істейтін болса, ол жарналарды әрі ЖК ретінде, әрі қызметкер ретінде төлеуге міндетті.
Алайда кейбір санаттар жарна төлеуден босатылады:
ресми түрде қызметі тоқтатылған ЖК, мүгедектігі бар азаматтар, зейнеткерлер, марапатталған көпбалалы аналар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер.
Ал декреттегі әйелдер ЖК қызметін тоқтатпаған жағдайда, жарна төлеуге міндетті болады.
Уақтылы төлеудің маңыздылығы:
Жарналарды ай сайын немесе бірден бірнеше айға төлеуге болады. Уақтылы төлем жасалмаса, берешек пен өсімпұл жиналып, МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебе жоғалады.
«Жарналарды міндетті түрде төлеу – барша азаматтардың сапалы медициналық көмек алуына кепілдік береді. Жеке кәсіпкерлер мұны сақтауы тиіс, өйткені бұл – тегін емделу құқығына жол ашады», – деді Жамбыл облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова.
Егер кәсіпкер жеке клиникаларда емделетін болса да, жарна төлеуден бас тартуға болмайды – МӘМС арқылы мемлекеттік те, жекеменшік клиникалардағы қызметтер де қамтылады. Кәсіпкер өз қызметін тоқтатқан жағдайда ЖК ретінде жарна төлеуді доғарады, бірақ сақтандыру мәртебесін жеке төлеу немесе жұмыс беруші арқылы жалғастыру мүмкін.Жарналар мен аударымдарды екінші деңгейлі банктер, олардың мобильді қосымшалары немесе «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы төлеуге болады (кодтар: 122 және 121).
Маңызды: төлем жасау кезінде ЖСН, Т.А.Ә. және төлем сомасы дұрыс көрсетілуі керек.
Жамбыл облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалы