Еліміздің еңсесін көкке көтеріп, жеңіс туын желбіреткен қордайлық спортшылар жерлестерін әрдайым жеңісімен қуантып келеді. Әлемдік додаларда топ жарып, Әнұранымызды асқақтатқан Қазбек Сағын осындай мақтаныштарымыздың алдыңғы қатарында.
Жас талант күні кеше қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы атанып, тағы бір алтын медальді қанжығаға байлап қайтты. Естеріңізге сала кетсек, жерлесіміз бұған дейін 2018 жылы Кишневта жекпе жектен өткен жарыста алғаш рет Дүниежүзілік Кубок иегері атанған болатын. Араға бір жыл салып, 2019 жылдың маусымында Санкт-Петербургта өткен қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатында 55 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы белбеуіне 2-ші рет ие болды.
Ал, қоян-қолтық ұрыстың шабандозы кешегі өткен жарыста кезекті жеңісімен жерлестерін ғана емес, бүкіл қазақ елін тағы бір мәрте қуантты. Нақтырақ айтсақ, Қазбек 5-7 маусым аралығындағы Өзбекстанның Ташкент қаласында ұйымдастырылған қоян-қолтық ұрыста бағын сынап, әлемдік деңгейдегі чемпион атанды. Ол финалда небәрі 24 секундтың ішіде қарсыласын тізе бүктіріп, әлемді таң қалдырды. Қазақстандық спортшы Өзбекстан жауынгерін ауырту әдісімен жеңді. Нәтижесінде спорт шебері 3-ші мәрте Әлем чемпионы атағын иеленді.
«Талантты адам барлық жағынан талантты» демекші, Қазбек Сағын бір саланы ғана бағындырып қоймай, жан-жақтылығымен танылған жан. Бұған дейін жас шебер самбо және әмбебап жекпе жек күресінен спорт шебері ретінде танылған. Сонымен қатар, ол Қазақстанның панкратионнан төрт дүркін чемпионы атанды. Жеңістер тізгіні мұнымен аяқталмасын деген тілектеміз…
Жас спортшы өз жеңістерімен қуанта келе, жастарды да ел мақтанышы болуға баулиды. 2017 жылдың 14 желтоқсанында ол аудан жастарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында спорт шебері өзінің жеңістерімен бөлісіп қана қоймай, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа спорттың маңызын баяндай отырып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті.
Айдана Жұмабек