Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды

0

16 қыркүйек күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қордай аудандық мәслихатының кезекті қырық сегізінші сессиясы өтті. Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов жүргізді. Сессия жұмысына аудан әкімі Бегзат Болатбеков, мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Қордай ауданы әкімі Бегзат Болатбековтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі болды. Аудан басшысы депутаттар алдында 2025 жылдың алғашқы жеті айында атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндап, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, жұмыспен қамту шараларына және өңірлік бағдарламалардың іске асырылуына тоқталды.

Есеп барысында аудан әкімі биылғы жылы жүзеге асқан бірқатар маңызды жобаларды атап өтті. Атап айтқанда, Қордай ауылында 144 пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, жаңа қоныс иелеріне кілттер табысталды. Үлкен Сұлутөр ауылында дәрігерлік амбулатория ашылып, Қайнар ауылында 3800 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қысымды су құбыры іске қосылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қаракемер ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, оқушыларға есігін айқара ашты.

«Бүгінде аудандағы 41 елді мекеннің 37-сі табиғи газбен қамтылған, бұл – жалпы көрсеткіштің 90,2 пайызы. Сәуір айында Керу ауылына газ құбыры жеткізіліп, тұрғын үйлерге қосылды. Ал Бел, Мұзбел, Аңырақай және Бәйтерек ауылдарына газ тарту жобалары әзірленіп, қолдау тапқан жағдайда құрылыс жұмыстары басталмақ. Гвардейск қалашығында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған алты жоба қолға алынды. Сондай-ақ Күнбатыс-2, Алға және Гвардейск елді мекендерінде су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, тағы 10 ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде»,-деді аудан басшысы.

Бегзат Сейсенқұлұлы халықты жұмыспен қамту бағытындағы шараларға да тоқталды. Айтуынша, 2025 жылдың 1 тамызына дейін ресми жұмыссыздар есебінде 1879 адам тіркелген. Жыл басынан бері 4022 азамат әлеуметтік қорғау органдарына жүгініп, оның 2483-і түрлі қолдау шараларымен қамтылды. Бос жұмыс орындарына 1056 адам жолданды. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша биыл 385 азаматты оқыту жоспарланып, қазіргі таңда 267 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге жолданған.

Аудан әкімінің есебін тыңдаған мәслихат депутаттары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, ұсыныстарын білдірді.

Сессияның күн тәртібінде қаралған өзге мәселелер бойынша да тиісті шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, аудандық бюджетке өзгерістер енгізу, сайлау комиссияларының құрамын жаңарту және өзге де ұйымдастыру жұмыстары бойынша қаулылар қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.