Жұмысшы мамандықтары жылы – еліміздегі еңбек адамдарына деген құрметтің көрсеткіші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған аталмыш жыл аясында, Қордай аудандық орталық ауруханасының, бастапқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшесінің орта медицина персоналдары қызметімен таныстық.
Аудандық орталық ауруханасының, аталмыш бөлімшесінде дәрігерге дейінгі көмек көрсету бөлмесі қызмет көрсетеді. Бұл қызмет – алғашқы көмекті жылдамдату арқылы науқастарды қажетті мамандарға уақтылы бағыттап, денсаулық сапасын жақсартуға бағытталған.
Алдымен, біз редакция тілшілері аталған кабинеттің жұмысымен танысуды жөн көріп, 34-ші бөлмеге қарай беттедік. Мұнда фельдшер Назгүл Самаевамен тілдесіп, оның күнделікті қызметі туралы сұрап білдік.
Назгүл Обозбековнаның айтуынша, келген науқасқа жедел-диагностикалық тексерістер жүргізеді. Мәселен, артериялық қан қысымы өлшенеді, холестерин деңгейі тексеріледі, антропометриялық көрсеткіштер, қажет болса басқа да негізгі көрсеткіштер қарастырылады.
«Біздің негізгі қызметіміз – дәрігерге дейінгі көмекті көрсетіп, науқастарды қажет болатын арнайы медициналық мамандарға жөнелту. Мұнда 2011 жылдан бері фельдшерлік қызметті атқарудамын. Науқасқа диагностика жасап, қажет болған жағдайда әрі қарай бағыт-бағдар нұсқаймыз»,-дейді фельдшер маман.
Дәрігерге дейінгі кабинет дансаулық сақтаудың алғашқы әрі маңызды бөлігі. Онда ауруларды анықтап, науқастарды қажетті емге жіберуге көмектеседі.
Дәрігерге дейінгі медициналық көмек – орта медицина қызметкерлерінің емделушінің жай-күйін бағалауды, дәрігерге дейінгі диагнозды қоюды, дәрігерге дейінгі араласу жоспарын тағайындауды, дәрігерге дейінгі рәсімдерді орындауды қамтитын медициналық көмек.
Қордай аудандық орталық ауруханасының дәрігерге дейінгі көмек көрсету бөлмесінде тексерістен өткен науқас, жынысына қарай ерлер және әйелдер бөлмесіне жіберіледі.
Ерлерді қарау бөлмесінде, 2022 жылдан бері мейіргер Бекжан Усенбаев жұмыс атқаруда. Оның мәліметінше, бір жыл ішінде бірінші рет жүгінген барлық ерлерге созылмалы және ісік алды ауруларды ерте анықтау мақсатында жасы мен сырқат сипатына қарамастан міндетті профилактикалық қаралу жүргізіледі. Сонымен қатар, онкологиялық ауруларға күдік немесе қауіпті патологиялар анықталған тұлғалар учаскелік дәрігерге, әрмен қарай онколог дәрігерге, басқа да еркектік жыныс органдарының патологиялары анықталған науқастар уролог дәрігерге бағытталады.
Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету бөлімшесінің тағы бір қызметкері – Алла Вербицкая. Ол Бішкек медициналық училищесінің түлегі. Тәжірибелі маман Алла Николаевна 2006-2025 жылдар аралығында Степное ауылдық дәрігерлік амбулаториясында «акушер» лауазымын атқарып келген.
Ал 2025 жылдың шілде айынан бастап, бастапқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшесінің, әйелдерді қарау бөлмесінің акушері.
«Аудандық ауруханаға жүгінген әйелдердерге созылмалы, ісік алды ауруларды және қатерлі жаңадан пайда болуларды ерте анықтау мақсатында жасы мен сырқат сипатына қарамастан міндетті алдын-алу шараларын жасаймыз. Сырқат күдігі бар және қауіпті патологиялар айқындалған науқастар учаскелік дәрігерге, әрмен қарай оның нұсқауымен гинеколог, маммолог, ЛОР-дәрігері сынды сәйкес мамандарға жіберіледі»,-дейді Алла Вербицкая.
Үлкен кісілер «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаса керек, себебі дені сау адам – мемлекеттің ең басты құндылығы.
Адам өмірінде айрықша орын алатын мамандықтың бірі әрі бірегейі – медицина мамандығы. Жаны алқымына тығылған әрбір адамның қайта қалыпты өмір сүруіне толыққанды мүмкіндік туғызатын медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше.