БІРЛІК ПЕН БЕЙБІТ ӨМІР – ЖАЙ ҰРАН ЕМЕС

0

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған этномәдени бірлестік төрағалары мен ассамблея өкілдері қатысты.

Облыс әкімі жиынға қатысушыларды ең әуелі Республика күні мерекесімен құттықтады.

«Бұл айтулы күн – мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің бастауы болған ұлттық мереке. Республика күні – еліміздің жаңа даму кезеңіне батыл қадам басқанын айғақтайтын, ел бірлігі мен татулығын, тұрақтылығы мен тұтастығын айқындайтын маңызды мереке. Сондай-ақ биыл біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Осы мереке аясында биыл қоғамдық келісімді, ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған 771 іс-шара өтіп, 75 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Бұл – өңір жұртшылығының белсенді азаматтық ұстанымының, ортақ іске деген жанашыр көзқарасының айқын көрінісі», – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Ассамблеяның 34-ші сессиясында «Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті диалог орнатуға ықпал етуде», – деп атап өткендей, бүгінгі күні облысымызда 87 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Ал 78 этномәдени бірлестік халықтар достығы мен келісімнің алтын діңгегіне айналды. Сондай-ақ биыл Ассамблеяның 30 жылдығы мен «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ассамблея құрамы еріктілермен толығуда. Кәсіпорындарда Еңбеккерлер Ассамблеялары құрылып жатыр. Олар еңбек ұжымдарында Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан өкілдік ететін еріктілер болмақ.

– Этностар арасындағы келісім мен аймақтағы тұрақты дамудың негізгі факторы – Ассамблея бастамаларының жүйелі түрде жүзеге асырылуында. Бұл – өңірдегі азаматтардың ауызбіршілігі мен өзара түсіністігінің нақты нәтижесі. Этносаралық татулық – мемлекеттілігіміздің, тәуелсіздігіміздің тірегі. Бірлік пен бейбіт өмір – жай ұран емес, күн сайын еңбекті, қамқорлықты, ашық диалогты талап ететін құндылық. Сондықтан Ассамблея жұмысы бұдан әрі де жаңаша серпінмен жалғасып, ел ішінде татулық пен тұрақтылықты нығайтатын басты күш болып қала бермек, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бұдан кейін аймақ басшысы еңбегімен көзге түскен бір топ этномәдени бірлестік өкілдерін «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» медалімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Құрмет грамотасы, Алғыс хаттармен марапаттады.

Кеңейтілген отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Гулам Умаров, бірлік пен ынтымақты арттыру мақсатында ассамблея тарапынан атқарылып жатқан жұмыс барысына қысқаша тоқталды. Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылымисараптамалық тобының төрағасы Махметғали Сарыбеков Республика күні мерекесінің шығу тарихына кеңірек тоқталып, тәуелсіздік жолындағы ел бірлігі мен ынтымағын баяндамасына арқау етті.

Мұнан соң сөз алған татар-башқұрт этномәдени бірлестік төрайымы Фариде Накыш пен неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Гибнер өз тарапынан атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырып:

«Біздің болашағымыз ортақ, оны бұдан былай да бірлігіміз бен ынтымағымызды арттыра отырып бірге құрамыз», – деп түйіндеді.

Ал төрағаның қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілхан Ассамблеяның өңірдегі жұмысын жоғары бағалап, бүгін марапатқа ие болған этномәдени бірлестік өкілдерін құттықтады. Кеңейтілген кеңес отырысын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қорытындылады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.