Балықшы дауылда, егінші жауында тынса, малшының жұмысы жылдың төрт мезгілінде де тынымсыз. Қыстың қытымыр аязында малды аман сақтау – шопандардың басты міндеті. Түн ұйқысын төрт бөліп, қора күзетіп, төлдейтін түлікті үсіріп алмау оңай іс емес. Осындай ауыр еңбектің ортасында жүріп, бар ғұмырын мал шаруашылығына арнаған қаракемерлік еңбек майталманы – Шәлібек Иманбаев.
Шәлібек Сәтұлы 1950 жылы Қаракемер ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ерте бастап, Чапаев атындағы колхозда 35 жыл шопан болып еңбек етті. 1970-жылдардан бастап колхоз тарағанға дейін қой бағып, үздік көрсеткіштерімен көзге түсіп, «озат шопан» атанған.
«Сақман – шопан үшін ең ауыр кезең ғой. Жүздеген қойды төлдету – нағыз еңбек майданы деуге болады. Сол кезде 130-140 қозы беріп жүретінмін. Соңғы жылдары тіпті 196 қозыға дейін жеткіздім», — дейді ардагер шопан өткен күндерін еске алып.
Ол еңбекқорлығы мен адалдығының арқасында аудан мен облыс көлемінде талай мәрте марапатқа ие болған. Кеудесінде жарқыраған орден-медальдар маңдай термен келген еңбектің елеусіз қалмағанының дәлелі.
«Адалдықпен істелген іс ешқашан далада қалмайды. Қазіргі жастарға да осыны үнемі айтып отырамын. Еңбекпен шыңдалған адамның өмірі мағыналы, берекелі болады», — дейді Шәлібек ата.
Бүгінде ол – үлкен әулеттің ақылшысы. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Қызы Райхан Иманбаева – облысқа танымал журналист, тележүргізуші. Екі қызы Алматыда мемлекеттік қызметте, ал екі ұлы әке жолын жалғастырып, мал шаруашылығын дамытып отыр.
Қазір үй іргесінде 40 бас сиыр, 8 тай, 100-ге жуық қой бар. Шаруашылықты балаларымен бірге дөңгелетіп отырған отбасы ауыл өміріне серпін беріп келеді.
Біздің ата-әжелеріміз еңбек етудің мәнін алдыңғы буыннан үйреніп, солардың ізімен өмір сүрді. Олар үшін маңдай термен келген нанның дәмі бәрінен биік еді. Бүгінгі ұрпақ сол еңбекқор жандардың өнегесін ұмытпай, олардың табандылығын үлгі тұтса – елдің еңсесі де биік, еңбектің абыройы да мәңгі болмақ.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ