ЕҢБЕГІ ЕРЕН ТҰЛҒА

0

Леонид Игнатьевич Ханның есімі көптеген қордайлықтарға белгілі.  Қазақстанның атақты адамдарының көптеген жинақтарына енген тұлғалардың бірі.  Ал бүгін оны және оның сіңірген еңбегін тағы бір рет еске алу артық болмайды.

Қордай ауданының Құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, экономика ғалымдарының кандидаты

Хан Леонид Игнатьевич  туылғанына 95 жыл.

Хан Леонид Игнатьевич 1930 жылдың 18 қарашасында Ресейдің  Хабаровск өлкесі, Ленин ауданы, Благословенное ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. 1935 жылы әкесінен, бір жылдан кейін анасынан айырылып, әжесінің қолында тәрбиеленген. 1937 жылы күзінде жеті жасар Леонид Игнатьевич Қазақ КСР-нің Батыс Қазақстан облысына депортацияланды.

1939-1943 жылдары Жамбыл қаласындағы Ленин атындағы жетіжылдық мектепте оқып, 7 сыныпты аяқтады. Тағдырдың жазуымен еңбекке 13 жасынан араласты.

1943-1944 жылдары Жамбыл тәжирибелік қант станциясында жұмысшы болды. 1945 жылы туыстарына Өзбекстанға көшті. Сол жылы Ташкент облысындағы «Кзыл-Куч» колхозында колхозшы болып еңбек етті. 1946 -1952 жылдар аралығында Өзбек КСР-І Ташкент облысы, Нижне-Чирчик ауданындағы Энгельс атындағы колхоздың егіншілік бригадасында звено жетекшісі болды. 1951 жылы Леонид Хан жетекшілік еткен звено 7 гектар жерден әр гектарынан орта есеппен 99,6 центнер көк талшығы – кенаф өнімімен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осы еңбегі үшін 1951 жылдың  17 маусымында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен ол Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, «Ленин» ордені мен  «Серп и Молот» алтын медалімен марапатталды. Ханның жасы небәрі 21 – де болатын. Шаруашылығы Көрмесіне (ВДНХ) қатысып, еңбегін республика деңгейінде танытты.

1955 жылы Ташкент ауылшаруашылық техникумын агроном- егінші мамандығы бойынша аяқтады.  1946 жылы ВЛКСМ мүшесі атанып, 1959 жылы КПСС қатарына өтті. 1961 жылы Мәскеудің К.А. Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын бітіргеннен кейін Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы  «Қордай» совхозында тың жерлерді игеру ісіне араласты. 1964 жылы Қордай ауданы, Благовещенка ауылындағы «Көкқайнар» қант қызылшасы совхозының директоры болып тағайындалды. Бұл шаруашылықты Леонид Игнетьевич 30 жыл бойы, 1994 жылға дейін басқарды. Оның басшылығы кезінде совхоз Одақтық дәрежедегі Қызыл Туды бірнеше рет иеленіп, Қазақ КСР-інің Алтын Құрмет кітабына енді.

Біздің аудандық музейде Хан Леонид Игнатьевич 95 жылдығына орай «Еңбекпен өрілген өмір» атты кездесу өтті. Кездесуге құрметті қонақ ретінде Хан Леонид Игнатьевичтың ұлдары арнайы келді. Сонымен қатар, Леонид Игнатьевичпен ұзақ жылдар бірге қызмет атқарған әріптестері де ақжарды естеліктерін айтты. Хан нағыз адамгершілік иесі еді. Ол жұмысшыларға әрдайым көмектесуге дайын, ниеті түзу жан болатын. Көптеген адамдар оның арқасында баспаналы болды. Ол әрдайым халықтың тұрмысын жақсартуға бар күшін салатын. Совхозда тәртіп пен ұйымшылдық жоғары деңгейде болды. Осындай үлкен дәрежеге жетуіне жұбайы Алла Никифоровна Цойдың да еңбегі зор. Леонид Игнатьевич өміріндегі тыныштық пен тәртіптің бәрі сол кісінің мейірімі мен еңбегінің арқасы болатын.

Леонид Хан жұбайы Алла Никифоровна Цоймен бірге төрт бала өсірді: бір қызы мен үш ұлы барлығы жоғары білім алды. Үлгілі отбасы иесі болды. Үшеуі де әке жолын қуып, ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етуде. Хан үшін ең бастысы – ауылдың өркендеуі мен халықтың ризашылығы болды. Сол мақсатқа жету үшін күн-түн демей еңбек етті. Ол ауылға тек өнім ғана емес, шынайы өмір сыйлады. Оның басшылығымен салынып, дамыған мектептер, аурухана, балабақша, мәдениет ошағы, сауда орталығы мен жайлы тұрғын үйлер халыққа деген шексіз қамқорлығының белгісі.

 

Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі

Leave A Reply

Your email address will not be published.