№1 ХАТТАМАСЫ
Қордай ауылы 10.11.2025 жыл.
Жиналыс төрағасы: А.Қаспақбаев-
Қордай ауылдық округінің әкімі
Жиналыс хатшысы: Н.Алтаев-
Қордай ауылдық округі
әкімі аппаратының бас маманы
Жиналысқа қатысқандар:
жергілікті қоғамдастық мүшелері – 25 адам;
көше тұрғындары – 30 адам.
Күн тәртібінде
Қордай ауылындағы атауы жоқ жаңа көшелерге атау беру туралы
Тыңдалды: А.Қаспақбаев – Қордай ауылдық округінің әкімі: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес «Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, олардың атауларын нақтылау және транскрипциясын өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы», біз Қордай ауылындағы атауы жоқ жаңа көшелерге атаулар беру туралы ұсынысты талқылау үшін жиналып отырмыз. Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің есімдерін ұлықтау мақсатында келесі атауларды беру ұсынылады: Уәлихан Бекбатыров көшесі, Заурбек Нуралиев көшесі, Әбдіхан Кеженбаев көшесі. Қатысушылардан осы мәселе бойынша өз пікірлеріңізді білдірулеріңізді сұраймын.
Анықтама үшін (Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі N 151 «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы. 19-бап. Топонимикалық атауларды пайдалану тәртібі. Әкімшілік – аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақбасқа да физикалық-географиялық обьектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары мемлекеттік тілде жазылады).
Сөйлегендер: М.Оспаниязова, Д.Алимбаева, И.Аманов – жергілікті қоғамдастық мүшелері. Қордай ауылындағы атауы жоқ жаңа көшелерге Уәлихан Бекбатыров, Заурбек Нуралиев, Әбдіхан Кеженбаев есімдерін беру туралы ұсынысты қолдаймыз.
Сөйлеген: Б.Байшымыров – жергілікті қоғамдастық мүшесі: Қордай ауылындағы атауы жоқ жаңа көшелерге Ұлы Отан соғысының ардагерлері Уәлихан Бекбатыров, Заурбек Нуралиев, Әбдіхан Кеженбаев есімдерін беру туралы ұсынысты қолдай отырып, біз бұны орынды деп санаймыз.
Уәлихан Бекбатыров (1925-1998 жж.) — Ұлы Отан соғысының ардагері. Қордай ауданының тумасы. 1943-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында атқыштар взводының командирі болған. 1946-1954 жылдары Меркі ауданында «Болшевик» және «Победа» колхоздарында есепші, 1958-1961 жылдары Красногор ауданында «Калинин» атындағы колхозда бас агроном, 1961-1970 жылдары «Чапаев» атындағы колхоздың басқарма төрағасы қызметтерін атқару барысында ауылдардың көркейуіне үлкен үлесін қосқан. 1970-1978 жылдары ауданның ауылшаруашылық өнімдерін дайындайтын бас инспектор, 1978-1985 жылдары «Талапты» совхозының директоры болып, кейін зейнетке шыққан.
Заурбек Нуралиев (1909-1943 жж.) Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсетіп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Қордай ауданы Қызылсай ауылында дүниеге келген. Орта білімді, Коммунистік партияның мүшесі болған. 1931-1932 жылдары Алматы қаласындағы партия мектебінде оқып, отбасылық жағдайына байланысты аяқтай алмай қалған. 1933-1937 жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданының Трудовик кооперативінде меңгеруші болып қызмет атқарған. 1937-1942 жылдары Қырғызстанның Қант ауданында Үлкен Шу каналында гидротехник болып қызмет істеген.Ұлы Отан соғысына 1942 жылы 4 наурыз күні Қырғызстанның Фрунзе облысы Қант ауданынан шақырылып, 1942 жылдың мамыр айынан гвардия сержанты атағымен 1 атқыштар батальоны № 250 гвардиялық атқыштар полкінің 83 гвардиялық атқыштар двизиясы командирінің көмекшісі лауазымын атқарған. 1943 жылы күзде Орлов облысындағы шайқаста алған ауыр жарақаттары салдарынан госпитальда қайтыс болған. Беларуссияда жерленген.
Әбдіхан Байханұлы Кеженбаев (1923-2010 ж.ж.) ҰОС ардагері, Қордай ауданының «Құрметті азаматы». Қордай ауданы Соғанды ауылында дүниеге келген. 1941 жылы 9-шы сыныпты бітірген. 1942-1946 жылдары Ұлы Отан соғысына және Жапониямен соғысқа қатысқан. 1946-1953 жылдары Киров колхозында ферма меңгерушісі, Күнбатыс колхозында төрағаның орынбасары, 1953-1955 жылдары Қордай аудандық партия комитетінде ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, 1955-1964 жылға дейін Киров, Р.Люксембург колхоздарында бригадир, ферма меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1964-1984 жылдарда Успеновка ауылында ауылдық Кеңесінің төрағасы болып жұмыс атқарды.
Бұл бастама өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде үлкен маңызға ие деп есептейміз.
Сөйлеген: Д.Мамбеков – көше тұрғыны. Көшеге атау беру мәселесіне байланысты өткізіліп жатқан жиналыс дұрыс деп ойлаймын. Ономастикалық атауларды реттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты толық қолдаймын.
Сөйлеген: А.Қаспақбаев – Қордай ауылдық округінің әкімі: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес, елді мекендердің әкімшілік-аумақтық бірліктеріне, олардың құрамдас құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау кезінде жергілікті халықтың пікірін ескеру тәртібімен, сондай-ақ ономастикалық атауларды жүйелеу мақсатында Қордай ауылындағы атауы жоқ жаңа көшелерге Уәлихан Бекбатыров, Заурбек Нуралиев, Әбдіхан Кеженбаев есімдерін беру туралы ұсынысты ашық дауысқа салды.
Қолдағандар: 55 адам;
Қарсы болғандар: 0 адам;
Қалыс қалғандар: 0 адам.
Округ әкімі ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Қордай ауылындағы атауы жоқ жаңа көшелерге Уәлихан Бекбатыров, Заурбек Нуралиев, Әбдіхан Кеженбаев есімдерін беру туралы ұсынысты көшелер тұрғындары мен жергілікті қоғамдастық мүшелерінің көпшілігі қолдағанын хабарлады.
ЖИНАЛЫС ШЕШІМІ:
- Қордай ауылындағы 1-жаңа көшеге Уәлихан Бекбатыров көшесі, 2-жаңа көшеге Заурбек Нуралиев көшесі, 3-жаңа көшеге Әбдіхан Кеженбаев көшесі атаулары берілсін.
- Жергілікті халықтың пікірін ескере отырып, жергілікті және атқарушы органдардың бірлескен шешімімен бұл ұсынысты облыстық ономастика комиссиясының қарауына енгізілсін.
Жиналыс төрағасы А.Қаспақбаев
Жиналыс хатшысы Н.Алтаев