Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті.
Бұдан кейін Президент Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті.
Валентина Матвиенкомен кездесу барысында Президент бұл сапарын Қазақстан – Ресей сан қырлы ықпалдастығының айтулы кезеңі ретінде қарастыратынын айтты.
Жоғары деңгейдегі келіссөз алдында Кремльдің Георгий залында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Екі елдің ұлттық әнұрандары орындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге шақырғаны, сондай-ақ дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
– Ресей тарапы сапарды ұйымдастыруға мұқият әзірленгенін көрдік. Іс-шаралар жан-жақты ойластырылған. Біз үшін Ресей Федерациясына мемлекеттік сапар – биылғы ең айтулы оқиға. Министрліктер, ведомстволар арқылы консультациялар жүргізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйткені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Сіз жаңа ғана қандай жұмыс атқарылғаны, алдымызда қандай міндеттер тұрғаны жөнінде егжей-тегжей айттыңыз. Оған алып-қосарым жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау. Сондықтан өзара қарым-қатынасымызда ешқан¬дай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады. Әлгінде өзіңіз айтқандай, барлық сала табысты дамып келеді. Тауар айналымын 30 млрд долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл – қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымыз орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді.
Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы екіжақты ықпалдастықты қарқынды дамытуға баса мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы басқосу «Жұмысшы мамандықтар – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбына арналды.
Мемлекет басшысы аталған бірегей алаңда экономикалық, инфрақұры-лымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жататынын атап өтті. Президенттің айтуынша, мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.
Cонымен қатар мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.
Сапар соңына қарай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Қазақстан өнерпаздарының гала-концертіне барды. Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған мерекелік кеш Үлкен театрда өтті.
Іс-шарадан соң мемлекет басшылары концертте өнер көрсеткен Роза Рымбаева, Мария Мудряк, Ренат Ғайсин, Әлішер Кәрімов, Александр Беляков және Зарина Алтынбаева секілді сахна шеберлерімен әңгімелесіп, алғыс айтты.