ИНТЕРНЕТТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

0

Кенен ауылдық округінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Интернеттегі қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараға округ әкімі А.Жылыбаев, учаскелік инспектор Б.Сейдиев, мектеп директоры Ғ.Байгелова, сондай-ақ ауыл жастары мен мектеп оқушылары қатысты.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар интернет кеңістігіндегі түрлі қауіптер, соның ішінде кибербуллинг, онлайн алаяқтық, жеке деректердің қорғалуы және желідегі жауапкершілік мәдениеті туралы ой бөлісті.

Ауылдық округ әкімі А.Жылыбаев өз сөзінде бүгінгі күні жастардың көп уақыты интернетте өтетінін айтып, оның дұрыс әрі қауіпсіз қолданылуының маңыздылығына тоқталды:

«Интернет – білім мен мүмкіндіктің көзі, бірақ оны сауатты және қауіпсіз пайдалану – әр азаматтың өз жауапкершілігі. Әр ата-ана баласының интернеттегі әрекетін бақылап, дұрыс бағыт-бағдар беруі керек», – деді ол.

Учаскелік инспектор Б.Сейдиев тұрғындарға интернет алаяқтарының әрекет ету тәсілдері мен жиі кездесетін жағдайлар туралы айтып, азаматтарды қырағылыққа шақырды. Ол сондай-ақ, киберқылмысқа тап болған жағдайда полицияға дер кезінде хабарласудың маңыздылығын түсіндірді.

Мектеп директоры Ғ.Байгелова оқушылар арасында кибермәдениетті қалыптастыру, цифрлық сауаттылықты арттыру және әлеуметтік желілерде әдептілік сақтау бағытында мектеп ұжымы тарапынан тұрақты жұмыс жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

Іс-шара барысында қатысушыларға интернетті жауапкершілікпен пайдалану ережелері, жеке деректерді қорғау жолдары, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік параметрлерін орнату тәсілдері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, жастар арасында «Қауіпсіз интернет – өз қолыңда» атты қысқа бейнеролик көрсетілді.

 

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.