Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы жөнінде айтылған болатын. Әсіресе, мақалада халқымыздың ертеден келе жатқан асар дәстүрі жайлы сөз өрбіген еді. Осы ретте қазақтың игі дәстүрі өңірімізде тек құр сөзбен емес, нақты іспен қайта жанданғаны қуантады.
Мысалы, өткен жылы осы жоба аясында Қордай ауданында 15 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойласа, биыл тағы да 15 үйдің кілті мұқтаж жандарға табысталады деп жоспарланды. Осыған орай, бүгін Жаңатұрмыс ауылында тағы бір көпбалалы отбасы үйлі болды.
Елорда күніне орайластырылып ұйымдастырылған игі іс-шараға аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған басшылық өкілдері, көмек қолын созып, өз үлесін қосқан жандар, баспаналы болғандардың ет бауыр жақындары жиналды. Сауапты іске Жаңатұрмыс ауылының 1950 жылдан 2000 жылға дейін туылған азаматтар атсалысып, үш миллионға жуық қаражат жинады. Сауапты істен құр қалмауды қалаған ауыл тұрғыны үйді тегін ұсынып, оған екі айда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Нұртуған Өмірзақовтың отбасына ұсынылды.
Аудан әкімі жиналған көпшіліктің алдында сөз сөйлеп, үй иесіне ізгі тілектерін айтып, салтанатты түрде үйдің кілті мен арнайы дайындаған сыйлығын табыс етті.
— Құрметті жерлестер! Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба өз нәтижесін беруде. Бүгін біз соның куәсі болып отырмыз. Бүгінгі баспаналы болған отбасыға бақыт тілеймін, — деген Рүстем Рысбайұлы игі істің орындалуына себепкер болған әр азаматқа алғысын жеткізді. Қуаныш иелерін аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов және ауыл ақсақалы Төлеген Ерменбаев та құттықтады.
Бес бөлмелі үйде қолайлы өмір сүруге барлық жағдайы жасалған.
Осылайша ауылдас, ағайындас, көрші-қолаңның арқасында асар дәстүрі жүзеге асырылды. «Көп түкірсе – көл» деп бекер айтылмаған, мұқтаж отбасы тек үй-жайын жаңалап қойған жоқ, ауыл арасында ынтымақ та артты. Берекелі еңбектің қазаны қайнады. Бата-тілектер айтылып, алғыстар жауды. Осылайша бір буын өкілдері артынан өкше басып келе жатқан екінші буынды қазақи дәстүрге тәрбиеледі десе артық айтқандық емес.
Атап өту керек, бұл биылғы жоспарланған 15 үйдің алтыншысы. Демек, алда тағы да қоныс тойын тойлайтындар болады. Бір ғана асар арқылы да жастардың бойына адамгершілік-рухани қасиеттерді құюға болатынына көпшіліктің көзі жеткені анық байқалады. Ендеше, ұлттық дәстүрдің бастауы болған – асарға кел, ағайын!