Басты байлық денсаулық екенін өмір өзі дәлелдеп те жүр. Халқымыз да «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп, түрлі жұқпалы аурулардан сақтанудың жолдарын ұстанады. Алайда, дәл қазіргі уақытта өңірімізде жедел респираторлы вирустық инфекциялар өршіп тұр. Вирус жұқтырып, науқастанып қалғандар аз емес. Бұл жағдайды дәрігерлер де айтып, сақтанудың жолдарын елге хабарлап та жатыр.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 1 қазаннан бері қарашаның ортасына дейін облыста жедел респираторлық вирустық инфекциялардың 47 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін мәлімдеген. Ал 18 қарашада облыста 55571 ЖРВИ жағдайы тіркелді деген ақпарат тарады.
– Осы эпидемиялық маусым басталғаннан бері облыста тіркелген жедел респираторлық вирустық инфекциялардың 60 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында болып отыр. Тыныс алу вирустарының айналымын анықтау үшін тиісті науқастардан алынған 170-тен астам үлгі талданды. Бұл үлгілерде А тұмауы H3N2 вирустарының (52 жағдай) және тұмау емес вирустардың: риновирус, парагрипп вирустары, аденовирустар және бокавирустардың айналымы анықталды. 115 мыңнан астам адам тұмауға қарсы вакцинацияланғанын айта кеткен жөн. Жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың алдын алу үшін бірқатар сақтық шараларын ұсынамыз. Тұмауға қарсы уақытылы вакцинация алу иммунитетті қалыптастырады. Көп адам жиналатын жерлерде бетперде кию және жеке гигиенаны сақтау, соның ішінде қолды жиі жуу маңызды. Үй-жайларды үнемі желдету және ылғалды тазалау, эпидемия өршуі кезінде көп адам жиналатын жерлерден аулақ болу керек. Ауру белгілері пайда болса, яғни дене қызуы, жөтел, мұрыннан су ағу байқалса, өздігінен емделмей, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн, – дейді облыстық санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Сағыныш Нұрғабылова да кейінгі күндері жедел респираторлы вирустық инфекциялар жағдайларының көбейіп тұрғанын айтты.
– Қазіргі уақытта облыс бойынша жедел респираторлы вирустық инфекциялар жағдайларының өсуі байқалып отыр. Ауруханаға келген науқастар жағдайына қарай ем алып, бірқатары ауруханаға жатқызылып, енді біразына консультациялық және амбулаториялық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілуде. Бұған дейін тәулігіне орташа есеппен 150–180 адам келіп жүрген болатын. Қазір өсім бар, бірақ жағдай толық бақылауда. Медициналық қызметкерлер тарапынан алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. ЖРВИ жағдайының көбею мүмкіндігін ескере отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдын ала ісқимыл жоспарын бекіткен. Бұл жоспар үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде, егер облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қорының 70 пайызы толса, ЖРВИ-ға арналған төсек саны көбейтіліп, ішек инфекциясына арналған төсек саны қысқартылады. Қабылдау тоқтамайды. Екінші кезеңде толымдылық 95 пайызға жеткен жағдайда, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы 190 төсек орнымен іске қосылады. Үшінші кезеңде егер жағдай одан әрі қиындаса, Жамбыл және Байзақ аудандарының стационарлары қосымша тартылады. Бүгінгі таңда төсек қоры жеткілікті, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер толықтай жұмысқа жұмылдырылған. Барлық алгоритм нақты бекітілген, ахуал жіті назарда. Енді кезек мәселесіне келсек, соңғы тәуліктерде тұрғындардың ауруханаға тікелей ағылуы байқалуда. Көптеген науқастар емханаларға бармай, бірден инфекциялық ауруханаға келіп жатыр. Бұл жағдай кезек пен наразылықтың туындауына себеп болуда. Барлық емханалар кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтінін атап айтқымыз келеді. ЖРВИ белгілері бар әр науқастың міндетті түрде ауруханаға келуі шарт емес. Көп жағдайда отбасылық дәрігер немесе емхана деңгейінде көмек көрсету жеткілікті, себебі аурудың 80 пайыздан астамы жеңіл түрде өтеді және амбулаториялық емдеуді қажет етеді. Тұрғындардан өтінеміз – ең алдымен өз емханасына, отбасылық дәрігерге жүгінген дұрыс. Бұл медициналық ұйымдардағы жүктемені азайтып, ауыр жағдайдағы науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ата-аналарға кейінгі күндері балалар арасында ЖРВИ жұқтыру жағдайлары жиілеп отырғанын ескертеміз. Ауырып тұрған баланы тойларға, ойын-сауық орталықтарына, көпшілік орындарға апаруға болмайды. Сондай-ақ ЖРВИ белгілері бар баланы балабақшаға немесе мектепке жіберу – өзге балалардың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар жұмыстан қалмау мақсатында науқас балаларын қоғамдық орындарға апарып, індеттің таралуына себеп болуда. Бұл – тек өз отбасының емес, бүкіл қоғамның денсаулығына әсер ететін әрекет, – деген Сағыныш Қабылтайқызы аурудың алдын алу шараларын да ескертіп, дәрігерлік кеңесін жеткізді.
– ЖРВИ-дан қорғанудың ең тиімді жолы – қарапайым сақтық ережелерін сақтау. Атап айтсақ, қоғамдық орындарда бетперде тағу, ауру адаммен жақын қатынастан аулақ болу, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау арқылы иммунитетті нығайту. Сонымен қатар үй-жайды жиі желдетіп, ылғалды тазалық жүргізу. Вирусқа қарсы дәрілерді дәрігер кеңесінсіз қабылдамау қажет. Балалар мен жүкті әйелдерге ерекше назар аударған дұрыс. Құрметті тұрғындар, жағдай бақылауда, алайда індеттің таралуын тоқтату әр азаматтың жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін ұмытпағайсыздар. Біз, дәрігерлер, тәулік бойы жұмыс істеп, әрбір науқасқа көмек көрсетуге дайынбыз. Бірақ аурудың алдын алу – әр азаматтың өз қолында. Сабыр сақтап, медициналық кеңесті орындап, өзінің және жақындарының денсаулығына бейжай қарамаса екен дейміз. Бәріміз бірігіп, індеттің таралуына жол бермейік, – дейді С. Нұрғабылова.
Осы қараша айының басында Өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз алаңындағы брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек «облыста жедел респираторлық тұмауға жатпайтын вирустық инфекциялар мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақты деңгейде сақталуда» деген болатын. Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда, яғни биылғы 1 қазаннан 30 қазанға дейін облыс бойынша медициналық мекемелерге 30046 науқас жедел респираторлық вирустық инфекция диагнозымен келгенін айтқан еді. Өткен жылдың мұндай уақытында 27692 жағдай тіркелген екен.
Облыс бойынша 150 мобильді бригада жұмыс істеп тұр. Жедел жағдайларға қызмет көрсетуге 60 арнайы көлік жұмылдырылды. 20 емханада балалар мен жүкті әйелдерге арналған екі деңгейлі фильтр ұйымдастырылды.
«Препараттар мен құрал-жабдықтар толық жеткілікті» дейді жауаптылар.
16 мыңнан астам Тамифлю, 1 мың Реленза, антивирустық препараттар мен оксолин майы, 236 ӨЖЖ аппараты, 700 мыңнан астам бетперде, 300 мыңнан астам шпатель мен термометр, 6 миллионнан аса дезинфекциялық таблетка бар. Жергілікті бюджет есебінен 123000 доза вакцина сатып алынып, 110340 тәуекел тобының адамына егілген. Вакцинация пункттері күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.
Қамар ҚАРАСАЕВА