Жамбыл облысы индустриялық дамудың жаңа, қарқынды кезеңіне қадам басуда. Бұл туралы өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында мәлімдеді.
Биыл 10 айда облыс экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша өңір республикада үздік үштікке кірді.
Тартылған қаражаттың негізгі бөлігі – 82%-ы жеке сектордың үлесінде, бұл бизнестің өңірдегі экономикалық ахуалға деген жоғары сенімін көрсетеді.
Жыл басынан бері 21 млрд теңгенің 10 жобасы іске қосылып, 282 жұмыс орны ашылды. Ал 2025 жылға арналған жоспар бойынша 26 жобаны жүзеге асырып, 1,1 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.
2029 жылға дейін жалпы құны 4,1 трлн теңгені құрайтын 62 жобадан тұратын (8,3 мың жаңа жұмыс орны) инвестициялық қоржын қалыптастырылды. Бұл бастамалар минералды тыңайтқыштар өндірісі, металлургия, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және жоғары технологиялар сынды негізгі салаларды қамтиды.
Өңірде индустриялық инфрақұрылым да қатар дамып келеді. «Тараз» индустриялық аймағында жалпы құны 113 млрд теңгені құрайтын 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 9 жоба іске асырылып, 200 жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында 40 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар қолданысқа берілді. Олар – жеңілдетілген жалдау шарттары мен толық инфрақұрылымымен ерекшеленетін, кәсіпорындардың іске қосылу уақытын айтарлықтай қысқартатын нысандар.
Жоғары сұраныс қазірдің өзінде байқалуда – құны 1,7 млрд теңге болатын 3 жоба іске асырылды. Оның ішінде есік өндірісі, фиброцемент плиталары мен шыңдалған шыны өндірісі бар.
«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы 905 гектарды құрайды. Инвесторлардың қызығушылығының артуына байланысты оның аумағы 1,2 мың гектарға дейін кеңейтіледі.
Жоспарланған 18 инвестициялық жобаның ішінде жалпы құны 29,2 млрд теңгені құрайтын алты жоба іске қосылды. Қалған жобалардың жалпы құны – 1,6 трлн теңге. Аймақта глифосат, полиэтиленнен жасалған құбырлар мен шлангтар, аммоний бифториді және басқа да өнімдер өндірісі жолға қойылды.
ОКҚ алаңында өткен брифингте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде заманауи қант қызылшасы кластерін қалыптастыру, өндірушілерді қолдау тетіктерін кеңейту, өңдеу саласын дамыту және ішкі нарықтағы отандық қанттың үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қазіргі таңда қант қызылшасын жинау науқаны 88,1% деңгейінде аяқталды. Орташа гектар өнімділігі 483 центнерді құрап, 207 мың тонна өнім жиналды. Барлық шикізат Меркі қант зауытына өңдеуге жөнелтілуде.
Жамбыл облысында қант қызылшасы саласын қолдауға жергілікті бюджеттен 6,9 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша 5,3 млрд теңге қарастыру көзделіп отыр.
Өңірдің жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 458,5 млрд теңгені құрап, өсім 3,1% болды. Егіс алқаптары 640 мың гектарға дейін ұлғайып, жалпы өнім көлемі 3,3 млн тоннаға жетті.
АӨК-ті қолдауға 29,1 млрд теңге көлемінде субсидия бағытталды.
Тірідей салмақтағы ет өндірісі 2,7%, сүт өндірісі 1,6% өсті.
Өңірден 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспорттық пияз көлемі бойынша облыс елде 1-орында: сыртқа 410 мың тонна жөнелтілді.
Мемлекеттік қолдау нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңартылды – 762 бірлік техника сатып алынып, жаңару деңгейі 5,6% жетті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл экономикасын қолдаудың негізгі құралдарының бірі ретінде маңызды рөл атқаруда. 2025 жылы бағдарлама аясында 3,2 млрд теңгеге 437 жоба қаржыландырылды.
Президент тапсырмасына сәйкес өңірде пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмысы жүргізілуде – 61,8 мың гектар жер қайта айналымға енгізілді.
Суару жүйелерін қалпына келтіру және мелиорация жұмыстары ұзақ мерзімді перспективада ауыл шаруашылығы алқаптарының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Өңірде 66,5 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Келесі кезең – ішкі өндірістік базаны қалыптастыру. Осы мақсатта 2,8 млрд теңгеге тамшылатып суару жүйелерін шығару өндірісі іске қосылды.
Құны 10 млрд теңгені құрайтын тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл кәсіпорын жыл сайын 200 мың гектар алқапты қарқынды суару жүйелерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нысанды іске қосу 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Бұл өндірістер өңір шаруаларының заманауи суару жүйелеріне деген жоғары сұранысын ескеріп қолға алынған.
ЕҚҚДБ және Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып, ұзындығы 625 шқ болатын 322 каналды қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны – 37,2 млрд теңге.
2029 жылға дейін 11 жаңа су қоймасы салынып, 3 жұмыс істеп тұрған қойма қайта жаңғыртылады, сондай-ақ 312 канал жөнделеді.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ОКҚ алаңында биыл өңірде 586,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 765 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Қазір 2 190 пәтерден тұратын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл оның 20-сын аяқтау көзделген. Бүгінге дейін 540 пәтерлі 10 үй қолданысқа берілді.
Қосымша әлеуметтік жағынан осал топтағы 710 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
«Әулиеата жастары» жобасы аясында жас мамандарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар іске асырылуда. Бағдарлама өңірде кадрларды тұрақтандыру, кәсіби өсуге жағдай жасау және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған бастама бойынша 140 жас отбасы – дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, әлеуметтік қызметкерлер – жеңілдетілген шарттармен пәтер алды.
Өңірде коммуналдық инфрақұрылым да күшейтіліп келеді. Жыл соңына дейін тағы 24 ауыл және Тараз бен Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқап сапалы ауызсумен қамтылады. Нәтижесінде халықты ауызсумен қамту деңгейі 100%-ға жеткізілмек.
Газдандыру саласында жалпы құны 20,5 млрд теңге болатын 14 жоба жүзеге асырылуда. Облыстың газбен қамтылу деңгейі 91,8%-ға жетеді.
Тараз қаласында ұзындығы 6,1 шқ М-1 жылу магистралі мен 1,4 шқ М-3 жылу магистралі қайта жаңғыртылды. Жаңа тұрғын массивтерде жылу желілері кеңейтілуде. Жыл қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 53%-ға дейін төмендейді.
Биыл 460,2 шқ автожол жаңғыртылды. Құрылысқа, қайта жаңғыртуға және орташа жөндеуге 28 млрд теңге бөлінді. Жыл соңында жергілікті маңызы бар жолдардың 99,5%-ы, ал қалаішілік жолдардың 89%-ы жақсы және қанағаттанарлық күйде болады.
Тараз қаласының қоғамдық көлік паркінің 82%-ы жаңартылды – соңғы екі жылда 271 автобус сатып алынды.