Тұрмыстық газдың өрт пен жарылыс қаупін тудыратын аса қауіпті екенін баршаға белгілі. Газды пайдалану кезінде болатын өрттердің басым бөлігі газ плиталары мен газ баллондарын дұрыс қолданбаудың салдарынан туындайды. Қазіргі таңда елді мекендерде газ баллондарын сатушылар көбіне тек баллонды сатумен ғана шектеліп, оны орнату және газ плиталарына техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізбейді. Сондықтан газ баллондары мен газ плиталарын дұрыс пайдалану жауапкершілігі тұрғындардың өздеріне жүктеледі.
Газ баллондарын орнату және газ плиталарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет. Көп жағдайда абайсыздық салғырттыққа ұласады. Халықтың отты абайсыз қолдануы мен тұрмыстық газ құралдарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзумен қатар, тұрғын үйлердегі жарақат алу мен адам өлімінің ең жиі себептерінің бірі – көмірқышқыл газы (иіс газы) арқылы улану болып табылады.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін үнемі сақ болып, төмендегі қарапайым ережелерді сақтаңыздар:
Үйді (пәтерді, саяжайды) өз бетіңізше газдандыруға, газ құралдарын және жапқыш арматураны өздігінен орнатуға, ауыстыруға немесе жөндеуге қатаң тыйым салынады. Бұл жұмыстарды тек білікті мамандар ғана барлық нормалар мен талаптарға сай орындай алады;
Газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсететін мамандар кірпіштен қаланған түтін мұржаларын тоқсанына бір рет тазалайды. Жылу беру құралдарын әрбір қосар алдында түтін мұржасында тарту күшінің бар-жоғын міндетті түрде тексеру қажет;
Жеке тұрғын үйлерде қыс мезгілінде түтін мұржасының мұздап қалмауы үшін оны жылылау (оқшаулау) қажет;
Түтін мұржаларын кірпішпен бекітуге, сондай-ақ мұржаларда орналасқан жапқыштарды жабуға қатаң тыйым салынады;
Түтін мұржаларының аузына құстардың кіріп кетпеуі және атмосфералық жауын-шашын түспеуі үшін арнайы қорғаныс орнатылуы тиіс;
Газбен жабдықталған пештер мен түтін мұржаларының қалауында тығыздық бұзылғанда, сылағында жарықтар пайда болғанда газды пайдалануға болмайды. Су жылытқыштардың түтін шығару құбырларына және түтін мұржаларына қосымша шиберлерді өз бетімен орнатуға тыйым салынады;
Терезе желдеткіштері, желдету торлары жабық болғанда, түтін мұржасы мен желдету арналары жұмыс істемей, тарту күші болмаған жағдайда газ құралдарын пайдаланбаңыз;
Газды және газ құралдарын мақсатына сай емес пайдаланбаңыз. Газ плиталарын үй-жайды жылыту үшін қолдануға болмайды.
Газ толық жанбаған жағдайда оның жану өнімдерінде иіс газы түзіледі, ол адам ағзасына өте улы әсер етеді!
Газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзу арқылы сіз тек өз өміріңізге ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да өміріне қауіп төндіресіз.
Түнгі уақытта газ құралдары немесе жылыту пештері орнатылған бөлмелерді терезе немесе желдеткішсіз қалдырмаңыз, сондай-ақ газ құралдары тұрған бөлмені ұйықтауға және демалуға пайдаланбаңыз!
Азамат ӘБІШ, Қордай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры