Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жергілікті басқару жүйесіне қатысты бірқатар нақты реформалар қабылдап, ондағы өзгерістерге сай биылдан бастап сайлаушылар ауыл әкімдерінің сайлауына тікелей қатыса алатын болды. Аталмыш саяси науқан аясында ауданымызда 25 шілде күні Қордай, Сепной және Сұлутөр ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтпек.
Қабылданған ережеге сай әрбір үміткер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге, сайлаушылармен кездесіп, алдағы төрт жылға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынуға құқылы. Сондай-ақ, заңнамаға сай ауылдық округ әкімі сол ауылдық округ тұрғындарының тікелей дауыс беруі арқылы 4 жылға сайланады. Осы орайда бірінші болып сайлауалды науқанын «Nur Otan» партиясы бастап, Қордай ауылдық округінің әкімдігіне үміткер ретінде Қордай ауылдық округінің әкімі Бақыт Сахатовтың кандидатурасын ұсынды. Алғашқы күні «Nur Otan» партиясының мүшелерінен құралған үгіт тобы үміткермен бірге бірнеше мекемелер мен көшелерді аралап, кездесулер барысында тұрғындарға үміткердің ауылды дамытуға арналған бағдарламасын түсіндіріп өтті.
Тарқата айтсақ, топ мүшелерінің бірінші барған нысаны Қордайдың кіреберісіндегі «Балдәурен» балабақшасы болды. Б.Сахатов жиналғандарға ауылдық округ әкімі болған төрт жылда атқарған жұмыстарын алға тартып, сайлауалды бағдарламасындағы жоспарларымен бөлісе келе қатысушылар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді. Келесі кезекте топ С.Лазо және Н.Гоголь көшесіне табан тіреді. Топ мүшелері одна көше тұрғындарына үгіт қағаздарын таратып, кандидаттың бағдарламасын түсіндірді. Осы орайда біз тұрғынардың ойын білуге тырысытық.
«Соңғы уақытта Қордайда орын алған оңды өзгерістір біздің көңілімізден шықты. Жолдар мен тротуарлар салынып, бірқатар көшелер жарықтандырылды, балалар ойын алаңшалары бой көтерді. Ендігі кезекте қалған көшелер асфальтталып, шарық шамдары орнатылса деген тілегіміз бар. Үміткермен де кездестік. Ол 25 шілде күні өтетін сайлауға қатысып, белсенділік танытуға шақырды. Біз міндетті түрде сайлауға қатысамыз», — деді Қордай ауылындағы С.Лазо көшесінің тұрғыны Татьяна Кургина.
«Көз көріп отырғандай өткен жылы жалпы ауданда, сондай-ақ ауылымызда ауқымды жұмыстар атқарылды. Осының арқасында Қордайымыз адам танымастай өзгеріп, көркейді. Енді сайлауға келер болса, Президенттің ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастамасын мен толықтай қолдаймын. Бүгін ауылымыздың әкімі келіп, бізді сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Сайлауға отбасымызбен барамыз», — деді Қордай ауылындағы К.Әзірбаев көшесінің тұрғыны Сейсебек Ағыбаев.
Осылайша, ауыл тұрғындарымен жүздескен үгіт-насихат тобының мүшелері келесі кезекте аудандық кітапхана мен коворкинг орталығында кездесу өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Сергазы Манасбаев