Мемлекет басшысы Қасым—Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды.
Қол қою рәсіміне Қазақстан Президентінен басқа 18 елдің басшылары мен өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысу үшін Давос қаласына жұмыс сапарымен барды.
Бірқатар БАҚ өкілдері Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімінде Мемлекет басшысы мен Америка Президенті арасындағы қысқаша әңгіменің мазмұнына қатысты сауал жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды.
Бұдан бөлек, Президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тіледі.
Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Давоста бірқатар кездесу өткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста Армения Президенті Ваагн Хачатурянмен, Премьер-министр Никол Пашинянмен, Индонезия Президенті Прабово Субиантомен, Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен, АҚШ Сауда министрі Говард Латникпен және ФИФА президенті Джанни Инфантиномен аз-кем әңгімелесті.
akorda.kz