МАҢДАЙ ТЕРМЕН МӘНДІ БОЛҒАН ҒҰМЫР

0

Ауыл тіршілігінің берекесі мен ырысы адал еңбекте екені даусыз. Осындай еңбегімен ел құрметіне бөленген жандардың бірі – Бекенай Орматаев. Оның ғұмыры маңдай термен, табандылықпен, жауапкершілікпен өткен нағыз еңбек адамының жолы.

Бекенай Төлегенұлы 1949 жылы Қалғұты ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауылда өтіп, төрт сыныпқа дейін Қалғұты ауылындағы мектепте білім алады. 1961 жылы отбасы Көгадыр ауылына қоныс аударып, оқуын сол жерде жалғастырады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ мал шаруашылығына, ауыл тіршілігіне бейім болып өскен жас жігіт 1965 жылы сегізінші сыныпты тәмамдаған соң, Мұзбелдегі совхоз техникумына түсіп, ветеринария мамандығын таңдайды.

1969 жылдың наурыз айында оқуын сәтті аяқтаған жас маман көп ұзамай жолдамамен Қарағанды облысына жіберіледі. Екі жылға арналған еңбек жолы Қарабұлақ совхозында басталады. Бұл жылдар жас маман үшін үлкен өмір мектебі болды. Алайда арада сегіз ай өткенде әскер қатарына шақырылып, еңбек пен тәртіптің тағы бір белесіне қадам басты. Әскердегі қызметі де жауапты өтті. Чита облысында, кейін Краснокаменск қаласында қызмет атқарып, өзінің іскерлігі мен тиянақтылығының арқасында полкте ветеринар дәрігер болып тағайындалып, старшина атағын алды. Бұл оның адал қызметіне берілген әділ баға еді.

1971 жылы елге оралған соң, жарты жылдан кейін Ырғайты совхоз техникумында ветеринар дәрігер болып еңбек жолын қайта жалғастырды. Бір жылдан соң Жаңатұрмыс совхозына ауысып, сол жерде зейнетке шыққанға дейін табан аудармай қызмет етті. 1969 жылдан 1991 жылға дейінгі аралықтағы саналы ғұмыры ауыл шаруашылығына, малдың амандығына, елдің ырысына арналды. Әрбір төрт түліктің күйін бағып, ауылдың тіршілігін сақтауға өз үлесін қосты.

Зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмай, мал өсірумен айналысты. Бір кездері мыңға жуық қой, 80-90 бас ірі қара мен жылқы ұстады. Бұл да еңбектен қашпайтын, шаруаның көзін таба білетін азаматтың қолынан келетін іс. Жас ұлғайған соң мал басын азайтқанымен, қазір де үй іргесінде сиыр, жылқы ұстап, ауыл тіршілігінен қол үзген емес.

Бекенай Төлегенұлы – отбасында да өнегелі әке. Жары екеуі екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіріп, барлығын еңбекке баулыды. Бүгінде балалары ата-анасына қолғабыс етіп, ақсақалдың абыройын асқақтатып отыр.

Осындай еңбек адамдарының тағдыры – жас ұрпаққа үлгі екені сөзсіз. Ауылдың тынысын сақтап, маңдай терімен ел ырысын арттырған азаматтардың еңбегі қашанда құрметке лайық.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.