Олар Қазақстанға келу тарихын үлкендердің айтуымен ғана білді.
Сонау зұлматты 1937 жылдың қақаған қысы болса керек. Әзірбайжанның Зангелан ауданынан бір түнде пойызға тиеліп, белгісіз жаққа үдере көшірілген ата-бабаларының жол бойы көрген азабын тілмен айтып жеткізу қиын. Әкесі Даскарали мен анасы Наргиз әредік сол жайды еске алғанда көздерінен парлаған жасты тыя алмаушы еді. Тіпті, пойызда келе жатып аурудан, аяз бен аштықтан өлгендерді жер қойнына тапсырудың өзіне мұрсат бермей, мәйіттерді жол бойына қойдырып кете берген ғой. Оларды жергілікті жұрт адамша көмді ме, жоқ әлде аулаққа сүйреп тастай салды ма, бір Құдайға ғана аян. Адамның адамға деген қатыгездігі өршіген зұлматты кезең еді ол.
Үш бүлдіршін қызымен келген ата-анасын қордайлық қазақтар қамқорлық құшағына алып, қоржын тамдарының бір бұрышына паналатып, өз балаларының аузындағы несібесінен жырып асырапты. Аштықты да, сұрапыл соғыстың зобалаңын да олармен бірге көріп, біте қайнасып, ақыры қуаныш, қайғылары ортақ бір жұртқа айналады. Магомед соғыстан кейін осында өмірге келді. Қазақ балаларымен бірге мектеп бітірді. Жастайынан еңбекке араласып, партияға өтіп, «Көкқайнар» кеңшарында қатардағы қызылшашыдан звено жетекшісі, бригадирлікке дейін өсіп, кіндік қаны тамған туған жерін түлетуге бір кісідей-ақ тер төкті. Кеңес үкіметінің жақсы жақтары да болғанын айтуға тиіспіз. Ол кезде жұмыссыздық деген жоқ, керісінше жұмысшы қолы жетіспей жататын. Ауданда он бір мың гектардан аса, ал Социалистік Еңбек Ері Л. И. Хан басқаратын «Көкқайнар» кеңшарының бір өзінде мың гектардай қант қызылшасы өсірілетін. Ертеден кешке дейін плантацияда тер төгіп, жыл сайын рекордтық өнім жинауға ұмтылушы еді. Орден, медальдар, грамоталар, сыйлықтар өз алдына, 1991 жылы озат еңбеккер ретінде кеңшардың есебінен салып берген үйге қоныстанды. Әлі күнге сол үйде тұрады.
Әйелі Ширван да ұзақ жылдар қызылшашы болып еңбек етіп, қазір зейнет демалысында. Үш ұл, екі қызы өз отауларын құрып, олардан он сегіз немере, Акрам есімді бір шөбере сүйіп отыр. Бірінші сыныпты бітірген егіз немерелері Самира мен Есмира әжесі екеуінің ұзақты күнгі ермегі. Балалары ауыл тірлігіне тән кәсіптерді меңгерген. Өз шаруа қожалықтары бар. Барлығы бір ауылдық өңірге қоныстанғандықтан, отбасылық думандар мен мереке күндері қара шаңырақта жиі бас қосып тұрады. Осындайда оларға өз әке-шешесінен естіген ащы тарихты, бауырмал қазақ халқының қиын күндердегі жақсылықтарын қайталап айтудан жалыққан емес.
— Қордай – көп ұлтты аудан. Табыстың кілті – тілі басқа болғанмен, тілегі бір барлық қордайлықтардың тізе қосқан ынтымағында, — дейді Магомед Даскаралиұлы. — Мерекеміз де, берекеміз де ортақ. Әр жылдың әлеуметтік өмірде өзіндік ізін қалдыратыны даусыз. Биылғы жылдың ерекшелігі өз алдына, еліміздің Тәуелсіздік туын көтергеніне отыз жыл толмақшы. Жыл өткен сайын мемлекетіміздің күш-қуаты нығайып, халықаралық деңгейде беделі өсіп, халқының тұрмыстық деңгейі жақсарып келеді. Бұл Елбасымыз бен Президенттен бастап жер-жердегі қарапайым еңбек адамдарына дейінгі барлық ізгі ниетті қазақстандықтардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білгендігінің арқасы деп білемін. Тәуелсіздік айтуға ғана оңай, ал ұғымы терең.
Қазақстанның, қазақ тілінің болашағы кең деп санаймын. Сондықтан, мен немерелерімді қазақ мектебінде оқытудамын. Қазақша оқитын Ильхам мен Салим тоғызыншы сыныпты бітірді. Отбасын құрған балаларымның өкіл әкелерін де қазақтардан сайлап алдық. Айтпақшы, біраз жыл бұрын «Дипломмен ауылға» жолдамасымен ауылымызға Индира, Жұлдыз есімді екі қазақ қызы келіп мектепке жұмысқа орналасып еді, екеуін де үйімізге жатқызып өз балаларымыздай қамқор болдық. Сол қыздар кейін теңін тауып тұрмысқа шыққан тойларына арнайы шақырып құрметтегендеріне, жаңа жекжаттар тапқанымызға қуандық. Қазір бірі Қордайда, бірі Әлжан ана ауылында тұрады, көрген жерде аталап жандары қалмайды…
Дегенмен, қайнарлық әзірбайжандар ұлттық болмысын да жоғалтып алған жоқ. Магомед Фараджиев 2010 жылы Алматыда өткен әзірбайжандар құрылтайына қатысты, аудандағы әзірбайжан этномәдени орталығының мүшесі. Наурыз мейрамында, басқа да мереке күндері өз ұлттық киімдерін киіп, дастарқандарын жайнатып қазақтармен қатар тойлауды дәстүрге айналдырған. Өйткені, біз туыстық тамыры тереңге кеткен, қуаныш, қайғысы ортақ бір халықпыз.
Магомед Даскаралиұлы ақсақалдық 75 жасқа толып отыр. Соған қарамастан, Сарыбұлақ ауылдық округі жанындағы қоғамдық кеңестің және ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі. Ол аздай ауылдық округ әкімінің Қайнар ауылындағы өкілі міндетін қоса атқарып жүр екен. Айтпақшы, жақында ол әйелі екеуі бірдей қазіргі өршіп тұрған індетке қарсы өздеріне вакцина ектіріпті. «Бізді ешкім міндеттеген жоқ, жақындарының, бала-шағасының амандығы үшін барлық адам осылай етуі тиіс, сонда ғана індеттен тезірек құтыламыз» — дейді қария. Ауа райының биылғы қытымырлығы да ауыл жұртына қиын тиіп отыр. Ағын судың тапшылығы мен аптап ыстықтан өзінің де, балаларының да бірқатар егістіктері күйіп кеткен. Бірақ, Магомед қария бұған да сабырмен қарайды. «Күннің жаманы кетер, бастысы — ел-жұрт аман болсын, сонда бәрі орнына келеді», дейді жайдары қалыпта. Міне, өзін қоғамнан сырт сезіне алмайтын, өз ортасында белсенді іс әрекетімен танымал бүгінгінің көзі ашық ардагерінің бірі осындай.
Құрманбек Әлімжан, ардагер журналист